Павлодарлықтарға ЖРВИ-дің алдын алу ережелері айтылды
Тиімді шаралардың қатарына жеке гигиенаны сақтау мен вакцинациялау жатады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдері аурушаңдықты төмендетуге көмектесетін профилактикалық шаралар туралы айтты.
Санитар дәрігерлердің айтуынша, инфекцияның негізгі көзі – тұмаулатып жүрген адам. ЖРВИ мен тұмаудың маусымдық өршу кезеңі қазаннан сәуір айына дейін созылады. Негізгі белгілеріне қалтырау, бұлшықет және бас ауруы, бүкіл дененің сырқырауы, құрғақ жөтел мен тұмау жатады.
– Қараша айының басынан 1048 қала тұрғынында тұмау анықталды. Профилактикалық шараларға жеке гигиенаны сақтау, дер кезінде вакцина алу, науқас адамдармен қарым-қатынасты шектеу және көпшілік орындарға барудан бас тарту кіреді. Сонымен қатар, үй-жайларды жүйелі түрде желдетіп, ылғалды тазалық жүргізу қажет, – деді мамандар.
Дәрігерлер тұрғындарды өзін-өзі емдеуден бас тартуға және дер кезінде медициналық көмекке жүгінуге шақырады.