Павлодарлықтар ағаш кесу үшін 600 өтініш қалдырған

Павлодарлықтар ағаш кесу үшін 600 өтініш қалдырған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әкімдікке келіп түскен өтінімдердің жартысынан көбісі орындалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар қаласы әкімдігінде мердігер ұйымдардың қатысуымен қаланы көгалдандыру және жасыл желектерді күтіп ұстау мәселелері бойынша кеңес өткізілді.

– Бүгінгі таңда гүл отырғызу жұмыстары толық көлемде орындалды. Жалпы көлемі 30 мың шаршы метрден астам аумаққа гүл отырғызылды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне қосымша гүл композицияларын ұйымдастыру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырдым, – деді қала әкімінің орынбасары Әнуарбек Аманов. 

22 мамырдан бастап шөп шабу жұмыстары басталды. Қала аумағында үш мердігер ұйым жұмыс істеуде. Оларға шөптің қажетті биіктігін сақтай отырып, жұмыстарды сапалы жүргізу және оған жұмылдырылған бригадалардың санын көбейту міндеттері жүктелді.

– Жыл басынан бері қала тұрғындарынан ағаштарды санитарлық кесуге, құрғақ және апаттық жағдайда тұрған ағаштарды кесуге және тасып шығаруға, ағаш қоқыстарынан тазалауға қатысты 600-ден астам өтініш түсті. Өтінімдердің жартысынан көбі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді, – деді Әнуарбек Аманов.

Ол ТҮКШ бөліміне апаттық жағдайда тұрған ағаштар бойынша жедел әрекет етіп, гүлзарлар мен көгалдарды суару бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.