Павлодарлықтар «Бір ауыл – бір өнім» жобасынан бес миллион теңге ұта алады

Павлодарлықтар «Бір ауыл – бір өнім» жобасынан бес миллион теңге ұта алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жоба жергілікті ресурстардан бірегей өнім шығаратын өндірушілерді қолдауға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілерін, сондай-ақ кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындарды «Бір ауыл – бір өнім» көрме-байқауына қатысуға шақырады.

Байқауға қатысатын тауарлар бірқатар талаптарға сай болуы тиіс. 

Өнім тек жергілікті шикізаттан жасалуы және өндіріс барысында қарапайым құралдар мен механизмдер пайдаланылуы қажет. Сонымен қатар тауардың өңірлік ерекшелігін айқындауына, қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігіне және тасымалдауға ыңғайлы қаптамасының болуына басымдық беріледі. сақтау мерзімі бес күннен аспайтын тез бұзылатын өнімдер іріктеуге жіберілмейді, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Жоба финалистеріне «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан жыл бойы маркетингтік сүйемелдеу және оқыту түрінде қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ үздік шыққан қатысушылар отандық және шетелдік көрмелерге қатысу мүмкіндігіне ие болып, өз өнімдерін ілгерілетуге жағдай жасайды.

Бұдан бөлек, байқау жеңімпаздары Павлодар облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы тағайындаған бес миллион теңгеге дейінгі грантқа үміткер бола алады.