Павлодарлықтар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының құрметіне ән шырқады

Павлодарлықтар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының құрметіне ән шырқады
Фото: Есенжол Исабек

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Павлодар облысының шығармашылық ұжымдары концерт ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Астаналықтар мен елорда қонақтары «Көшпенділер әлемі» этноауылында әр өңірдің тарихымен, мәдениетімен және туристік әлеуетімен танысты. Павлодар облысы да шетте қалмады: киіз үйде сирек кездесетін тарихи жәдігерлер, әшекей бұйымдары, қару-жарақ түрлері мен көшпенділердің тұрмыстық заттары орналастырылды. 

Сонымен қатар, павлодарлықтар этноауылдың концерттік алаңында жиналған көпшілікке музыкалық сыйлық ұсынды. «Ерке Ертістен Есілге сәлем!» атты бағдарлама аясында Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның әртістері астаналықтарға Павлодардан ыстық сәлем жеткізді. Айта кету керек, павлодарлықтардың өнерін елордалық тұрғындар ғана емес, көрермендер арасында көптеген шетелдіктер де тамашалады.

–  Бәрі керемет. Мен сіздің суретшілеріңізге таң қалдым, – дейді француз Джеф Леснье. – Қазақстанға алғаш рет келдім, мәдениетіңіздің байлығы мен ұйымдастырылу деңгейіне таң қалдым. Жылы қарсы алғаны үшін рахмет.

«Нұр» би ансамблі «Шат көңіл» композициясымен концерттік бағдарламаны ашты. Рүстембек Омаров атындағы халық аспаптар оркестрі «Ән шашу» сыйлады, ал Серік Рысбек, Жібек Айтбаева, Мадияр Бақтияров және «Samiyan» вокалдық тобы «Ертіс-Баян» әнімен зор қошеметке бөленді.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. 85-тен астам елдің және 2000-нан астам қатысушының өкілдері дәстүрлі спорт түрлеріндегі күштерін сынауға келді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Aybek Jumatov (Айбек Жуматов) (@a.galimbeksson)