Павлодарлықтар экологиялық шағымдарын қалай бере алады?
Мамандар нақты дерек бойынша тексеріс бастау үшін қарапайым әрекеттерді орындау керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбековтің айтуынша, тексеру шараларын бастау үшін бірнеше қадам бар.
– Ең алдымен өтініш берушінің жеке деректері қажет. Оған қоса, шағымданған азамат заңбұзушылықтың сипаттамасы және фото немесе бейнематериалдарды ұсынғаны жөн. Құжаттарды тіркегеннен кейін шағымның өзі мұқият тексеріледі. Егер бәрі үлгіге сай рәсімделсе, тиісті шаралар басталады, – деді департамент басшысы.
Фото және бейнематериалдар заңбұзушылықты растау және тіркеу үшін қажет. Мамандардың айтуынша, мұндай материалдар ескірген немесе цифрлық технологиялар арқылы қолдан жасалған болуы мүмкін, сондықтан оларды верификациялау мұқият жүргізіледі.
Хабарламаны департаменттің кеңсесіне жеке тапсыруға немесе e‑Otinish платформасы арқылы жолдауға болады.
Мамандардың айтуынша, әдетте павлодарлықтардан түскен шағымдардың барлығы қаралып, әрқайсысы бойынша ресми жауап беріледі.
Жақында павлодарлық тұрғын Ертістің жылы ағысында майлы дақтардың пайда болғаны туралы ресми шағым жолдады. Бұл дерек бойынша алдағы бірнеше күнде тексеріс басталмақ.