Павлодарлықтар кибералаяқтардың серіктесіне айналмас үшін не істеу керек?

Павлодарлықтар кибералаяқтардың серіктесіне айналмас үшін не істеу керек?
Фото: жасанды интеллект

Алаяқтық бүгінде тұтас бір индустрияға айналды. Өз-өзіңізді қорғаудың ең тиімді жолы – технология емес, ақыл-ой мен сақтық шаралары, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Егер сіздің шотыңызға күтпеген жерден ірі сома түсіп, артынша біреу қоңырау шалып, қателісіп аударғанын айтып, ақшаны қайтаруды сұраса, не істеу керек?

Облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Сұлтанбек Кадержановтың айтуынша, ол ақшаға тиіспеу керек. Ең дұрысы – дереу банкке барып, ресми түрде арыз жазу. Бұл сізді қылмысқа қатысы бар тұлға ретінде айыпталудан қорғайды. Телефон арқылы «ақшаны дереу қайтарыңыз» деп талап ететіндермен сөйлеспеңіз, мұндай әрекеттер – көбіне алаяқтардың жаңа қулығы.

– Дереу банктың қауіпсіздік қызметіне хабарласып, бейтаныс адамнан ақша түскенін айтып, арыз жазыңыз. Реверс операциясын – яғни ақшаны кері қайтаруды сұраңыз. Бұл жағдайда банк қызметтік тексеріс жүргізіп, ақша жіберушінің кім екенін анықтайды. Егер расымен қате жіберілген болса, арыз иесіне ресми жауап беріледі және қаражат иесіне қайтарылады, – деді полиция қызметкері.

Сонымен қатар, құқық қорғау мамандарына хабарлап, оқиғаны ресми арыз арқылы тіркеп қою да маңызды. Бұл сізді болашақта қаражатты заңсыз иемденді деген айыптаудан қорғайды.

– Бізге Семей қаласының тұрғыны жүгінді. Ол шипажайға келе жатып, B2B менеджері болып жұмысқа орналасқан. Кешке шотына бір миллион теңге түскен. Бұл жайт оған күмәнді болып көрінді. Себебі, сома күткен жалақысынан едәуір көп. Азаматша алаяқтардың құрбаны боламын деген ойдан қорқып, бірден полицияға жүгінді, – деді Сұлтанбек Кадержанов.

Полиция қызметкерлері анықтағандай, ол өз банк жүйесінің құпия сөздерін ешкімге бермеген, яғни ешкім оның рұқсатынсыз ақшаны пайдалана алмайтын. Барлық аударымдар тек ол арқылы жасалған.

Азаматша байланыс пен банк жүйесіндегі ақауларды сылтау етіп, біраз уақытқа олармен байланысты тоқтатқан. Кейін ол бірден полицияға жүгінген. Тексеру барысында Семей қаласының тұрғыны өз банк жүйесінің құпия сөздерін ешкімге бермегенін және оның қатысуынсыз ешкім есепшотындағы қаражатқа қол жеткізе алмайтындығы анықталды. Барлық аударымдар оның келісімімен ғана жүзеге асқан.

– Бұл жағдайдың сәтті шешілуіне себеп болды. Сол уақытта тағы бір жәбірленуші – Астана қаласының тұрғыны полицияға хабарласқан, – дейді Сұлтанбек Кадержанов. – Оны алаяқтар алдап, өз аттарына ақша аударуға мәжбүрлеген. Біз оған бір миллион теңге көлеміндегі қаражаттың сақталатынын айтып, дереу банкке барып, реверс операциясын рәсімдеуді ұсындық. Нәтижесінде барлық қаражат иесіне қайтарылды. Жәбірленушінің семейлік тұрғынға ешқандай шағымы жоқ, себебі ол дер кезінде жағдайды сыни тұрғыдан бағалай алды. 

Тәртіп сақшысының айтуынша, банктер күдікті аударымдарды бақылай бастаған соң, алаяқтар «дроптар» арқылы әрекет ете бастаған. Схема қарапайым болса да, жақсы ойластырылған: жәбірленушінің картасынан ұрланған ақша алдымен бірінші дропердің картасына түседі, ол ақшаны шешіп алады немесе келесі адамға жібереді. Біраз айналымнан соң қаражат криптовалютаға айналып, шетелдік платформаларға ауысады – бұл жағдайда ақшаның ізін табу өте қиын.

Дроперлер өз карталары арқылы миллиондаған соманы өткізгенімен, аз үлес алады. Алайда полиция ұстап, сот жауапкершілікке тартқан соң бас бостандығынан айырылу түрінде жазаланады.

– Павлодарда 18-19 жастағы үш жігіттен тұратын қылмыстық топ әрекет еткен. Олар «Колёса» және OLX сайттарында көлік пен пәтер сату туралы жалған хабарландырулар орналастырған. Банктік карталарды тұрақты мекенжайы жоқ адамдардың атына рәсімдеп, оларды дропперлерге айналдырған, – дейді полиция қызметкері.

Зардап шеккендер алдын ала төлем жасағаннан кейін, олардың байланысы бұғатталған. Бір жыл ішінде алаяқтар жүзге жуық осындай қылмыс жасаған. Қазір олардың әрқайсысы бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айырылған.

Биылдың өзінде полицейлер 260 түрлі алаяқтық қылмысты тергеп, 28 адамды ұстады, екі қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.

Сұлтанбек Кадержанов тұрғындарға оңай ақша табуға уәде беретін ұсыныстарға сенбеуді ескертеді. Оның сөзінше, адамдардың сенгіштігі бар жерде алаяқтар да болады.