Павлодарлықтар МӘМС жүйесіндегі мәртебесін қалай тексере алады?
«Сақтандырылған» мәртебе соңғы 12 ай үздіксіз төлем болған жағдайда ғана сақталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде «сақтандырылған» мәртебесі автоматты түрде – келіп түскен төлемдер негізінде беріледі. Бұл жұмыс беруші жарна аударатын жұмыскерлерге де, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдар төлейтін жеңілдік санатындағы азаматтарға да қатысты. Мемлекеттік корпорация төлемдерді өңдегеннен кейін қаражат Қорға 3 жұмыс күні ішінде түседі.
- «Сақтандырылған» мәртебе соңғы 12 ай бойы үздіксіз төлем болған жағдайда ғана сақталады. Егер бір ай үшін жарна немесе аударым түспесе, азамат «сақтандырылған» мәртебесінен айырылып, МӘМС аясында медициналық көмекті уақытылы алу мүмкіндігін жоғалтуы мүмкін, - делінген хабарламада.
Тәжірибеде жұмыс берушілер төлемдерді аудару кезінде қателіктер жіберетін жағдайлар кездеседі. Мысалы, төлем кезеңі немесе төлем тағайындау коды дұрыс көрсетілмейді. Соның салдарынан қызметкер сақтандыру мәртебесінен айырылып қалуы мүмкін.
Осындай жағдайлардың алдын алу үшін азаматтарға МӘМС жүйесіндегі мәртебесін жиі тексеріп отыру ұсынылады.
Мәртебені eGov.kz порталы, msqory.kz сайты, Telegram-дағы SaqtandyryBot, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексеруге болады.