Павлодарлықтар триатлоннан Азия кубогында жүлдеге ілікті

Asia Triathlon Cup Turkestan 2025 халықаралық жарысы түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Байрақты бәсекеге Азия өңірінен ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келген мықты триатлеттер жиналды. Жарысқа кәсіби спортшылармен қатар жүзу, велоспорт және жүгіруді ұнататын әуесқойлар да қатысты. Барлығы 12 елдің спортшылары бақ сынады: Қазақстан, Қырғызстан, Австрия, Словакия, Чехия, Оңтүстік Корея, Германия, Жапония, Эстония, Финляндия, Ресей және Беларусь.
Павлодарлық триатлеттер Age Group санатында стандартты олимпиадалық қашықтықта өнер көрсетті: 1,5 шақырым жүзу, 40 шақырым велокезең және 10 шақырым жүгіру. Олардың қатысуы елімізде триатлонды насихаттауға және бұқаралық спортты дамытуға елеулі үлес қосты.
Жарысқа барлығы 93 спортшы және бір команда қатысты. Павлодар атынан триатлон әуесқойлары Бауыржан Назенов, Елена Бреус және Ерлан Нұрахметов бақ сынады. Бауыржан Назенов 40-49 жас санатында төртінші орынға ие болды.
Елена Бреус ерекше көзге түсті, ол 35–39 жас аралығындағы әйелдер санатында үшінші орын алды. Бұл Азия кубогындағы оның алғашқы жарысы еді және ол олимпиадалық қашықтықты сәтті еңсерді.
– Бұл – өз күшіңді сынап көрудің тамаша мүмкіндігі. Біз жаттықтырушымен нақты жоспар құрмадық, басты мақсат – қашықтықты еңсеру. Барлығы қолымнан келді. Жалпы уақытым – 2:57:39, – деді Елена.
Ол триатлон спортына жүзу арқылы келген. Соңғы үш жыл бойы халықаралық дәрежедегі спорт шебері Александр Склярдың жетекшілігімен жаттығып жүр. Түркістандағы жарысқа оны триатлон жаттықтырушысы Сергей Бондаренко дайындады.
– Триатлон – мен қатысқан жүгіру мен жүзу жарыстарынан мүлде өзгеше. Қашықтықта бір сәтте басқа қатысушыларды ұмытып, ішкі күрес басталады. Енді өзіңмен, шаршағаныңмен, тоқтағың келетін сәттермен күресесің. «Мен не үшін мұндамын?» деген сұрақтар да туындайды. Бірақ мәреге жеткенде бақыт сезімін бастан өткересің, – деп бөлісті Елена.
Елена Бреустың жетістіктер қоржынында басқа жарыстардың жүлдереді баршылық. Ол биыл жазда Шортанды көлінде өткен Pikeman жарысында 30–39 жас санатында үшінші орын тұғырынан көрінді. Спортшы үш шақырымдық қашықтықты 1 сағат 3 минутта еңсерді.
Оның спорттық өмірбаянында Анталияда өткен халықаралық X-Waters ашық су жарысына қатысу да бар, бұл су спорты әуесқойлары үшін маңызды оқиға саналады.
Жарыста ең жас қатысушы – 2007 жылы туған спортшы, ал ең тәжірибелі – 1964 жылғы триатлет болды. Қазақстандықтар үшін ерекше сәт – аты аңызға айналған, Ironman жарысының алты дүркін әлем чемпионы Марк Алленнің жарысқа келуі. Оның ақ тілегі Түркістанға ат басын тіреген спортшылар үшін шабыт пен сабақтастықтың символына айналды.
Айта кетейік, жүзу кезеңі алғаш рет жаңа есу арнасында өтті. Бұл спорттық кешен Орталық Азияда теңдесі жоқ нысан болып табылады және ICF каноэ бойынша халықаралық федерация пен FISA академиялық есу федерациясының стандарттарына сәйкес келеді.
Фото: Елена Бреус