Павлодарлық асықшылар дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындалуда
Олар асық ату ойыны бойынша өнер көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жергілікті спортшылар Астана қаласында өтетін 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындалу үстінде. Асық ату ойыны бойынша ұлттық құрама сапында төрт спортшы өнер көрсетеді, оның бірі Тереңкөл ауданының спортшысы Керім Жаздықбай болса, екіншісі –екібастұздың Жомарт Нұрланов. Ал қырғыз халқының ойыны – орда бойынша ұлттық құрамада сегіз адам өнер көрсетеді, оның біреуі –павлодарлық Саят Қизат.
– Бұл қырғыздардың ұлттық ойыны болғандықтан, оларды мықты қарсылас санаймыз. Бүгінгі таңда қызу дайындық үстіндеміз. Бұған дейін Түркістанда оқу-жаттығу шараларына қатысып келдік. Алдағы уақытта Астана қаласында дайындалып, аталмыш додада өнер көрсететін боламыз, – дейді Саят Қизат.
Спортшылар үздіксіз жаттығудың арқасында алтынға қол жеткізетіндігіне сенімді. Алайда спортшылар мұндай байрақты доданың алдында қобалжу жоқ емес екендігін жасырмады.
Айта кету керек, көшпенділер ойыны спорттың 21 түрін қамтыған. Спортшылардың айтуынша, бұл додада 80 мемлекеттің спортшылары өнер көрсетпек. Оның 17-сі асық ойындарына өтінім білдірген.