Павлодар бірінші Ашық Республикалық байқаудың 10 жеңімпазын қарсы алды
Аталмыш жарысқа 200-ден астам оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Елордада 15-19 сәуір аралығында ҚазҰӨУ-нің 25 жылдығына арналған «Қ.А. Жұмакенов атындағы ASTANA WIND FEST» үрмелі және ұрмалы аспаптарда орындаушылардың I Ашық Республикалық байқауы өтті.
«Қазақстанның Алтын флейта» атағының иегері Қайролла Жұмакеновты еске алуға арналған іс-шара алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Музыка әлеміндегі осындай маңызды жарысқа қатысу үшін Қазақ ұлттық өнер университетінің Орган залында Қазақстанның түрлі қалаларынан 10 жастан асқан қатысушы бақ сынады.
Байқаудың мақсаты үрмелі және ұрмалы аспаптарда музыкалық орындаушылық өнерге кеңінен тарту, жаңа өнерпаздарды анықтау. Бұдан бөлек, олардың кәсіби орындаушылық шеберлігін жетілдіруге, мәдениет және өнер саласындағы шығармашылық байланыстарды дамыту мен нығайтуға, әр түрлі мамандықтағы жас музыканттардың үрмелі және ұрмалы аспаптарда жеке, ансамбльдік және оркестрлік орындаушылыққа қызығушылығын ынталандыруға бағытталған.
Байқау қорытындысы бойынша Павлодар қаласынан барлық үміткерлер жүлделі орындармен оралды. Атап айтқанда, бірінші дәрежелі Лауреат және Қайролла Жұмакенов атындағы арнайы жүлдені Жасұлан Түркелді (труба, 3 жас санаты) жеңіп алса, Заурбек Омаржанов (валторна, 2 жас санаты) бірінші орын иегері атанды. Екінші орын иегерлері Азиз Салимов (труба, 1 жас санаты) және Думан Дюсенов (валторна, 1 жас санаты) атанды. Ал үшінші дәрежелі алты лауреат бар: Айнара Ақан (саксофон, 1 жас санаты), Рахымжан Жұмашев (кларнет, 2 жас санаты), Ақнұр Ақан (валторна, 2 жас санаты), Өміржан Магомет (валторна, 3 жас санаты), Бахтияр Құрманғазы (труба, 3 жас санаты), Рахат Құрбан (кларнет, 3 жас санаты).
Айта кетейік, барлық лауреаттар конкурстың ақшалай сыйлығымен марапатталды. Ал Қайролла Жұмакенов атындағы арнайы сыйлық үшін 200 мың теңге берілді. Оның иегері Жасұлан Түрегелді атанды.