Павлодарлық депутаттар екі аудандағы су тасқынының жағдайын тексерді

Павлодарлық депутаттар екі аудандағы су тасқынының жағдайын тексерді
Фото: Константин Музалевский

Успен ауданында екі пәтерлі тұрғын үй судың астында қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық мәслихат баспасөз қызметінің мәліметінше, Успен ауданында еріген қар суларын сорғызып шығару жұмыстары жалғасып жатыр. Аудан аумағынан 16559 текше метр еріген қар суы және 225 текше метр қар шығарылды. 

«Павлодар – Успенка – Ресей Федерациясының шекарасы» жол бойы жалпы саны 340 тоннаны құрайтын инертті материалмен(құм) толтырылды.

79-80 шақырым жол бойында 200 құм қабы және 82-83 шақырымда 400 құм қабы төселді. Жалпы саны 600 дана. Жол төсемін көтеру үшін инертті материалдармен толтыру жүргізіліп жатыр, – деді облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко.

Су тасқынына қарсы іс-шараларға 83 адам мен 28 техника бірлігі жұмылдырылды. Тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде апаттар тіркелген жоқ. 

Сондай-ақ, «AMANAT» партиясынан облыстық мәслихат депутаттары Серік Сәдуақасов, Исламбек Құлтұманов және партия өкілі Орынбасар Алеев Ертіс ауданындағы жағдайды тексеруге барды. 

Жерлестерімізге су тасқынына қарсы жұмыстарды жеделдетуге арналған мотопомпа апарып, әркезде көмек қолын созуға дайын екенімізді жеткіздік. Облысымыздың бірқатар елдімекендері су тасқынынан зардап шекті. Мәселе дер кезінде бақылауға алынып, қазір ауқымды жұмыстар жүргізілуде, – дейді партиялықтар. 

Өңір басшысы Асайын Байхановтың басшылығымен су тасқынына қарсы жағдайлар бойынша нақты шешімдерді үйлестіру және қабылдау мақсатында облыстық жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеуде. Сондай-ақ, осындай штабтар облыстың барлық қалалары мен аудандарында ұйымдастырылды.