Павлодарлық дзюдошы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды

Чемпионат 11-12 қыркүйек күндері Индонезия астанасы Джакартада өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Байрақты бәсекеде павлодарлық спортшы Таңжарық Момынтай 60 келі салмақ дәрежесінде күміс медаль жеңіп алды.
Жарыстың алғашқы белдесуінде ол Моңғолия спортшысын тізе бүктіріп, сенімді бастама жасады. Кейінгі айналымда Корея балуанын айқын басымдықпен жеңді. Финалда тәжірибелі Өзбекстан спортшысымен белдесті. Тартысты және тепе-тең өткен кездесуде өзбек балуаны аз ғана басымдықпен жеңіске жетті.
Осылайша павлодарлық жас дзюдошы құрлықтық чемпионатта Қазақстан қоржынына күміс жүлде салды.
Спортшының жетістігі аймақ спортында өсіп келе жатқан жаңа буынның әлеуетін көрсетеді. Бапкерлер құрамы мен жерлестер Таңжарық Момынтайды шын жүректен құттықтап, алдағы жарыстарда жаңа жеңістер тілеп отыр.