Павлодарлық еріктілер аудандарда су тасқынынан зардап шеккендерге көмектеседі
Ақшалай көмек те қарастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Қазақстан Қызыл Ай» ҚҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Гүлнәр Исаканованың сөзінше, еріктілер тарапынан қарғын су кіріп кеткен үйлердің тұрғындарына көмек толықтай көрсетілетін болады.
– Бүгін Успен ауданына барып, жағдайды бағалаймыз. Адамдарға жылытқыштар, көрпелер, етіктер жеткізіп, береміз. Төтенше жағдайлар қызметкерлерін де ұмытпадық. Оларға ыстық шай мен тамақ апарамыз,– деді ол.
Айтуынша, зардап шеккен халықтың жағдайына бақылау өткізгеннен кейін республикаға есептер жібереді. Бұл қаражат жағынан көмек сұрату үшін жасалады. Серіктестер тартыла отырып, зардап шеккен отбасыларға ақшалай көмек беріледі.
– Успен ауданына кейін Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылына барамыз. Су басып кірген аудандарды аралаймыз,– деді Гүлнәр Исаканова.
Қордың жетекшісі елдегі болып жатқан жағдайға қатты алаңдаулы.
–Кеше Президент өткізген шұғыл кеңесте су тасқынына қатысты жағдай ерекше бақылауға алынғаны туралы айтылды. Павлодар облысының әкімдігі, төтенше жағдай департаменті су тасқынының құрсауында қалған халыққа көмек көрсетуде. Біз өз тарапымыздан мүмкіндігінше қолдау көрсетеміз,– деді ол.
Гүлнәр Исаканова Қазақстандағы жағдай шешіліп, жерлестер өз үйлеріне тезірек оралғанын тілейді.