Павлодарлық кітапханашы: Бұл мамандықты таңдауға қолыма түскен журнал себеп болды

Павлодарлық кітапханашы: Бұл мамандықты таңдауға қолыма түскен журнал себеп болды
Фото: pexels.com

@Pavlodarnews.kz тілшісі 35 жылға жуық кітап арасында жүрген кітапханашымен сұхбаттасып, мамандықтың қызығы мен қиындығын сұрастырып білді. 

1990 жылы 1 тамызда Сәуле Жанкаринова С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға жұмысқа орналасып, күні бүгінге дейін еңбегін адал атқаруда. 34 жыл ішінде ол оқу залында, жинақтау бөлімінде абонементте қызмет көрсетуде жұмыс істеді. Бүгінде Сәуле Жанкаринова кітапхананы дамыту бөлімінің әдіскері.

– Мен Павлодар ауданының Чернорецк аулының тумасымын. Ақсу қаласында колледжді бітіріп, Шымкент мәдениет институтына жолдама алдым. Жоғары оқу орнын бітірген соң тәжірибеден өткен шақта мені облыстық кітапханаға жұмыс істеуге шақырды, – деді Сәуле Жанкаринова. – 20 жылдан астам абонемент залында жұмыс істедім.

Мектепке барып жүргенде қолына «Библиотека» журналы түсіп, өмірін осы мамандықпен байланыстыруға шешім қабылдаған. 

– Мен кітаптар арасында жұмыс істегім келіп кетті. Қазір оқырмандар менен «нақты кітапты тауып алуға көмектесіңізші» деген кезде, бар ынтамен, ықыласпен көмектесуге қашан да дайын боламын,– деді кітапханашы.

Оның сөзінше, әдіскердің басқа бөлімде еңбек ететін кітапханашылардан айырмашылығы бар.

– Мысалы, библиографтар ақпараттық, библиографиялық жұмыстармен, мерзімді басылымдарды цифрландырумен айналысады. Ал әдіскерлер кітапханаларды дамыту жағынан, әдістемелік, кеңес беруге мән береді. Бұдан бөлек шараны ұйымдастырумен, аудандардағы кітапханаларда семинар өткізумен айналысамыз, – деді Сәуле Жанкаринова.


Әдіскер кітапханашылар туралы айтылатын ой-пікірлерді жоққа шығарады. 

– Біз қызықсыз, зерігіп жүреміз деген өтірік. Оған уақыт та жоқ. Кітапханашылардың қолында ең маңызды нәрсе – ақпарат көзі бар. Біз арқылы газет-журналдар, кітаптар сұрыпталады. Сондай-ақ, оқырман үшін түрлі шаралар ойлап тауып, ұйымдастырамыз. Содан болар, мен өз кәсібімді жақсы көремін,– деп атап өтті кітапханашы. 

Оның пікірінше, кітапханашының міндеті – оқырманның сұранысын орындау. 

– Адам кітапханаға нақты іздеп келген кітабын табу үшін келеді. Біз сол кітапты табуға көмектесеміз. Дипломдық, ғылыми жұмыс, реферат болса, керекті мағлұматтың дереккөздерін қордың ішінде іздейміз, – деді Сәуле Жанкаринова.

Кітапханашы бұрынғы кездері компьютер болмағанда жұмыс істеу қиын болатынын еске түсіреді. 

– Бәрі керемет жаққа өзгерді. Алфавиттік каталог арқылы әріптерден қажетті ақпаратты ұзақ іздейтінбіз. Алғаш компьютерлер келгенде баяу теріп отыратынбыз. Шам жағып, пластинкалардың әуеніне жұмыс істеуші едік,– деді Сәуле Жанкаринова.

Әдіскердің отбасында кітапханашылар жоқ. Бірақ Сәуленің бүкіл туыстары кітапханаға келіп, газет-журналдарды жаздырып алады. 

Айта кетейік, 24 қазан – Кітапханашылар күні тойлануда. Өңірде 225 көпшілік кітапхана қызмет көрсетеді, оның ішінде 197-сі ауылдық елді мекендерде орналасқан.