Павлодарлық оқушы Шахмат керуенінде миллион теңге ұтып алды
Жеңімпаздың жасы - онда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Түркістанда Шахмат керуенінің гранд-финалы өтті. Жарысқа Қазақстанның жиырма қаласынан 60 қатысушы жиналды. Павлодар облысының намысын № 8 лицей-мектебінің 4-сынып оқушысы Сүлейман Ахмет қорғады.
Байқаудың іріктеу кезеңі Павлодар қаласында Конституция күніне орай ұйымдастырылған болатын. Жартылай финалдық кезеңге жиырма шахматшы қатысып, әр қаладан үш жеңімпаз анықталды.
Гранд финалда жас категориялары болған жоқ. Жеңімпаздар 11 ұпайдың 8,5-ін жинады. Олардың бірі Сүлейман Ахмет қосымша көрсеткіштер бойынша үшінші орынға ие болып, сыйлық ретінде бір миллион теңгенің сертификатын алды.
Алпыс қатысушының ішінде бала үздіктердің бірі болып танылды.
Фото: Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасы
Әсия Серікова