Павлодарлық педагогтер жүгіруден республикалық чемпионатта үздік атанды
Қарағандыда жүгіруден спорттық бағдарлау бойынша өткен республикалық чемпионатқа еліміздің 10 облысынан спортшылар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қалалық білім бөлімінің мәлімдеуінше, чемпионатқа Павлодар облысының атынан Павлодар қаласы білім беру бөлімінің экология және туризм орталығының «СЮТур» балалар аула клубының «Вертикаль», «Вертикаль - 14» клубтарының 2 педагогі мен 7 тәрбиеленушісі қатысты.
- Жарыста барлығы 200-ден астам спортшы бақ сынады. Қатысушылар төрт қашықтық яғни «Орташа», «Ұзын», «Эстафета» және «Спринт» бойынша бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша павлодарлық педагогтер 8 медальді жеңіп алды, - делінген хабарламада.
Сайыс қорытындысы бойынша, аймақ намысын қорғаған Оксана Дьяченко үш күміс және бір қола медальді, Сергей Кремер төрт қола медальді еншіледі.
- Қашықтықтар физикалық және тактикалық жағынан күрделі болды. Әр аймақта карталардың өзіндік суреті бар. Қарқаралыдағы қашықтық өту қиындығымен ерекшеленеді.Спортшылардың жолында өрге шығу, қылдилап түсу, ағын сулар мен батпақтардан тұратын кедергілер болды. Жас топтардағы спортшыларға тапсырмаларды орындау өте қиын болды. Алайда, біздің тәрбиеленушілердің алған тәжірибесі болашақта жеңіс тұғырына көтерілуге көмектесетініне сенімдіміз, - дейді Оксана Дьяченко.
Айта кетелік, Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында өткен долаға Астана, Алматы қалалары мен Павлодар, Қарағанды, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстарының командалары қатысты.