Павлодарлық полицейлер бесінші қабаттан секірмекші болған ер адамды ажалдан құтқарды
36 жастағы тұрғын анасымен жанжалдасқаннан кейін осындай қадамға бел буды. Алайда тәртіп сақшыларының жедел әрекеті бір өмірдің қиылуына жол бермеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Полицияға 5 мамырда сағат 12:00 шамасында Бұқар жырау көшесіндегі тұрған бес қабатты үйдің шатырының шетінде секіргісі келген адам тұрғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Санаулы минуттарда оқиға орнына қалалық патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Жандос Мейрамғазы мен Ерғайып Әлібеков, сондай-ақ, взвод командирінің міндетін атқарушы Жәнібек Шәкіров келіп, өз-өзіне қол жұмсағысы келген тұрғынды көрді.
– Ойлануға уақыт болмады, біз үшін әр секунд санаулы еді. Шатырға көтеріліп, 36 жастағы ер адаммен сөйлесе бастадық. Ол бізге анасымен жанжалдасқандықтан осындай әрекетке барғысы келетінін айтты. Әңгіме барысында мен оған көмектесіп, қолдап, анасымен сөйлесуге уәде бердім. Ер адам анасының нөмірімен бөліскенде, оған қоңырау шалып, сөйлестік. Өз сөзімде тұрып, оны қолдағаныма көз жеткізгенде, ер адам бізге жақындап, баспалдақпен бірге түстік, – деді Жәнібек Шәкіров.
Полиция қызметкерлері оны дәрігерлерге тапсырды. Бүгінде ер адамның жағдайы тұрақты.
– Күнделікті қызмет көрсету кезінде біз әртүрлі жағдайларға тап боламыз. Қиын уақытта азаматтарға көмек көрсетуге тырысамыз. Ер адамды құтқарып үлгергеніме өте қуаныштымын. Мұндай жағдайда өмірімен қоштасуға дайын тұрған адамдармен әңгімені байыпты жүргізу қажет,– деді Жәнібек Шәкіров.
Қуанышты ана ұлын құтқарғаны үшін полицейлерге алғыс айтты.