Павлодарлық полицейлер екі жасар баланың аман қалуы үшін қол ұшын созды
Полиция басшылығы тек баланың анасының алғысын алғаннан кейін ғана білді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысында полицейлер екі жастағы балаға шұғыл медициналық көмек қажет болғандықтан, көлікті дереу ауруханаға дейін жеткізіп, жол бойы ілесіп жүрді.
– Облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Нұрасыл Аймекенов пен Асылтас Табанбаевқа шексіз алғысымды білдіремін. Сол күн әлі есімде. Қызымның кенеттен қатты талмасы ұстап , жедел жәрдем келмеген соң, біз Мойылды ауылынан Павлодарға өзіміз шықтық. Жолда көліктер көп, қозғалыс өте қарқынды болды. Не істерімді білмей, қатты абыржыдым. Сол кезде жолда патрульдік полиция көлігін көріп, көмек сұрадық.
Полицейлер еш ойланбастан бірден көмек қолын созып, отбасыға қауіпсіз ілесіп жүруді қамтамасыз етті.
– Соның арқасында ауруханаға тез жеттік, қызымызға қажетті көмек көрсетілді. Осындай жүрегі жылы, кәсіби, адамгершілігі мол полицейлерге шын жүректен алғыс айтамын. Сол күні олардың есімін білмедім, бірақ бәрі жақсы аяқталған соң, оларды тауып, қызымды құтқарғандары үшін рақмет айтқым келді, – деп жазды алғыс білдірген тұрғын.
Полицейлер жағдайдың қаншалықты маңызды екенін түсініп, дереу шешім қабылдады. Әңгіме адамның, әсіресе кішкентай қыздың денсаулығы туралы болғанда, олардың ойында бір ғана нәрсе тұрады – дер кезінде үлгеру. Тәртіп сақшылары кішкентай қызға зор денсаулық пен бақыт тілейді.