Павлодарлық спортшылар таэквондодан Еуропа чемпионатында бақ сынайды
Турнирге бес жас спортшы аттанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
14-16 қыркүйек аралығында Солтүстік Кипрде таэквондодан Еуропа чемпионаты өтеді. Жарысқа Ресей, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Болгария, Норвегия, АҚШ, Канада, Нидерланды елдерінің спортшылары қатысады.
Қазақстан құрамасының сапында павлодарлық «KAHARMAN» клубының бес спортшысы бар. Олардың ең кенжесі Шәкім Абдуррахман 8-9 жас аралығында 28 келіге дейін салмақ дәрежесінде сынға түседі. 10-11 жас аралығындағы таэквондошылар арасында 42 келі дейінгі салмақта Томирис Тнеева мен Батырхан Қожанов күш сынасады. Линара Құрманова 43 келіге дейінгі салмақта 14-15 жас аралығында шығады.Командадағы ең үлкені – Артём Граблёв. Ол 70 келіге дейін салмақ дәрежесінде белдеседі.
Бас жаттықтырушы мен жетекші Артём Граблёвтың айтуынша, Томирис Тнеева – 2022 жылғы Еуразияның абсолютті чемпионы. Ал Батырхан Қожанов – 2018 жылғы Еуропаның абсолютті чемпионы. Шәкім Абдуррахман – Қазақстан мен Ресейдің 2021-2022 жылдардағы чемпионы.
– Турнирге маусым айының басынан бері дайындалдық. Үлкен жарыстарға үнемі қатысып жүрміз, сондықтан ешқандай толқу жоқ, – деді жаттықтырушы. – Салмақ өлшеу рәсімі өтті. Барлығы ойдағыдай.
Чемпиондар медальдар мен сертификаттардан басқа, «Үздік спарринг үшін», «Үздік техника үшін» және «Үздік техникалық нокаут үшін» кубоктарымен марапатталады.
Фото: «KAHARMAN» таэквондо клубы
Әсия Серікова