Павлодарлық құтқарушылар қоян-қолтық ұрыстан ел чемпионатында топ жарды

Павлодарлық құтқарушылар қоян-қолтық ұрыстан ел чемпионатында топ жарды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңір спортшылары халықаралық жарыстарға жолдама беретін турнирде жоғары нәтиже көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық «112» қызметі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қарағанды қаласында 3–6 сәуір аралығында қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. «Жекпе-жек» және «өзін-өзі қорғау» бағыттары бойынша ұйымдастырылған жарыс халықаралық додаларға іріктеу кезеңі саналады.

Турнирге еліміздің барлық өңірлерінен спортшылар қатысып, өзара тартысты бәсекеде күш сынасты. Жарыс Мәскеуде өтетін Әлем кубогы мен Дубайдағы Азия чемпионатына жолдама беретін маңызды кезең болды.

Павлодар облысы ТЖД қызметкерлері бұл додада жоғары нәтиже көрсетіп, өздерінің кәсіби және физикалық дайындығының мықты екенін дәлелдеді.

Атап айтқанда, 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Владимир Демьянов бірінші орынды иеленсе, 110 келіден жоғары санатта Сергей Уолтер жеңімпаз атанды.

Фотосуретті облыстық «112» қызметі ұсынды