Павлодарлық әйел пәтер жалдау бойынша алаяқтық жасады деген күдікке ілінді
Алаяқтың құрығына ілінгендер саны әзірге оннан асады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Polisia.kz. ақпараттық медиа-порталының мәлімдеуінше, 31 жастағы әйел 2023 жылдың қараша айынан бастап Krisha.kz сайтына жалған жарнама орналастырған. Жарнамада көрсетілген пәтерлердің бағасы нарықтық бағадан төмен болған және пәтер интерьерінің көз тартар фотосуреттері орналастырылған.
- Полицияға Алматы қаласының тұрғыны арызданған. Онда ол пәтер жалдап алу үшін бейтаныс әйелге 123 мың теңге аударған. Екінші жағдайда жәбірленуші жалға берушінің есепшотына 20 мың теңге көлемінде ақша жіберген. Кейін телефон нөмірі бұғатталған, - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта полицияға 11 азаматтан арыз келіп түскен. Басқа жәбірленушілердің бар-жоғы анықталуда.
Полицейлер азаматтарға алаяқтықтың бұл түрі бойынша мүлкін тәркілей отырып, төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін ескертеді.