Железин ауданында миллиондаған алимент қарызын төлемеген әке жазаланды

Сотта ол кінәсін мойындап, жұмысқа орналасып қарызын өтеуге уәде берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудандық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабы 1-бөлігі бойынша азамат Б.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды.
– Сот отырысында азамат Б.-ның 2017 жылы Талғар аудандық сотының кәмелетке толмаған баланы асырауға алимент өндіру туралы бұйрығын ұзақ уақыт бойы орындамағаны анықталды. 2025 жылғы 19 сәуірдегі жағдай бойынша берешек 5 миллион теңгеден асып кеткен. Сотта азамат Б. кінәсін мойындап, қазіргі уақытта жұмыс істемейтінін, алайда жақын арада жұмысқа орналасып, қарызын өтеуге ниетті екенін айтты, – делінген хабарламада.
Сот қаулысымен азамат Б. әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Қаулы заңды күшіне енді.