Павлодарлықтар 3,5 мыңға жуық пластик қақпақ жинады
«ЭКО boom» облыстық жобасы аясында «Жақсылық жаса» пластикалық қақпақтарды жинау науқаны өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл акцияға өңірдің 225 ауыл және қала мектебі қатысып, оқу жылы басталғаннан бері 3464 келі пластикалық қақпақ жинаған. Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениет деңгейін арттыру, мұқтаж жандарға көмек көрсету.
– «Жақсылық жаса» акциясына қатысқан жандарға алғыс айтамыз. Акция жалғасуда. Тұрғындарды қақпақтарды жинауға белсенді қатысу арқылы жақсылық жасауға шақырамыз. Науқан аясында бірнеше тонна пластик қақпақтар қоқысқа жеткізілмейтін болды. Балалар табиғатты қорғауды ғана емес, мейірімділікті де үйренеді. Сонымен қатар, қымбат емді қажет ететін балаларға материалдық көмек көрсетіледі, – деді жоба үйлестірушісі Айгерім Оразбаева.
Оның айтуынша, пластмассаны сатудан түскен барлық қаражат қайырымдылыққа жұмсалады.
Естеріңізге сала кетсек, өткен оқу жылында «Жақсылық жаса» акциясына облыс мектептерінің 23 986 оқушысы қатысты. Бұл науқанды облысымыздың 10 ауданы және үш қаласының 185 мектебі қолдаған болатын. 2866 келі пластик қақпақ жиналып, қайта өңдеуге тапсырылды. 339 270 теңге сомасына екі ауыр науқас балаға қайырымдылық көмек көрсетілді.
Биылғы жылы науқанға мектептер ғана емес, Павлодар қаласының № 37 балалар бақшасы, Кенжекөл балалар отбасы үлгісіндегі ауылы, «ПСД Строй-проект» ЖШС және өңірдің барлық мейірімді жандары қатысты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram