Павлодар облысында 9 мыңға жуық шетелдік көлікке мемлекеттік нөмір берілді
Өтініш бергендердің басым бөлігі Ресей Федерациясында тіркелген көліктің иелері, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы процессингілік орталығының бастығы Бауыржан Мақашев мәлім етті.
– EGOV порталы арқылы барлығы 11 874 өтініш түсті. Оның ішінде РФ - 11250, Армения - 441, Қырғызстан - 159, АҚШ - 5, БАӘ - 2, Грузия - 6, Беларусь - 11, Моңғолия - 25, Германия - 4. «Ангар» арқылы барлығы 9827 көлік тексерілді,- дейді Бауыржан Мақашев.
«Ангар» арқылы тексерілгендердің 8753 көлігі Павлодар қаласынан, ал қалған 1074 көлігі Екібастұздан келген. Тексеруді сәтті өтіп, мемлекеттік нөмірді алғандардың саны – 8835. Нөмірді алғандардың 335 көлігі әртүрлі саймандардан құралып, жиналған көліктер. Ал уақытша тіркеуге – 186 көлік алынды.
Айта кету керек, тексеру барысында VIN-кодтың сәйкессіздігімен, жалғаан куәлікпен, шетелде немесе іздеуде жүрген көліктердің 28 фактісі анықталды. Оның ішінде 4 – Екібастұз қаласы бойынша. Барлық деректер бойынша қылмыстық істер қозғалды.