Павлодарлықтардан «Жасыл ел» еңбек жасағына қосылуға мыңнан аса өтінім түсті

Жазда табыс көргісі келетін жастардың саны артып келе жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Биыл «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 21-еңбек маусымының ресми ашылуы маусымда өтеді. Облыстың үш қаласы мен 10 ауданында аймақтық штабтар жұмыс істейді. Жасылелдіктердің қатарына екі мыңнан аса студент, мектеп оқушылары және жұмыс іздеп жүрген азамат қосылады деген болжам бар. Аудандарда орташа 50-90 қатысушы, қалаларда 200-300 қатысушы жұмыс істейді деп күтілуде. Бүгінде Павлодарда тұратын жастардан мыңнан аса өтінім келіп түсті. Облыс орталығында жұмыстардың алғашқы легі сәуір айында басталып кетті.
– Аймақ бойынша жасақтардың сарбаздары маусым айынан жаппай шыға бастайды. Сол кезде аудандар да қосылады. Қазір университеттердің құрылыс отрядтары жұмысқа шығуға дайындалып жатыр. Шыны керек, шілдеде жұмыс қайнайды. Бір айда мыңға жуық адам шығады, яғни бұл көлемі жағынан ең үлкен жұмыс айы. Оны жастардың бос уақытының көбірек пайда болуымен байланыстырамыз, – деп атап өтті облыстық «Жасыл Ел» штабының директоры Русана Сулаймонова.
Оның сөзінше, «Жасыл ел» бағдарламасы жазғы каникул кезінде еңбек арқылы табысын арттырғысы келетін және туған өлкесінің гүлденіп, абаттандырылуына үлес қосқысы ниет білдіретін жастарға әрқашан ашық. Штаб жұмысының негізгі миссиясы – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жастарды еңбекке баулу.
– Бағдарламамызға биыл жиырма жыл. Осы уақыт ішінде Павлодар облысы бойынша 45 мыңнан астам жас балалар, оқушылар, студенттер жұмыс істеген болатын. Бізде негізгі үш бағыт бар – экологиялық, құрылыс, волонтерлік. Жыл сайын бізге қыс пен көктемнен бастап өтінімдер келіп жатады. Құрылыс пен экологиялық бағытқа тек 16 жастағы жасөспірімдер қабылданады, ал 14-15 жасар қыз бен ұлдар еріктілердің қатарына қосылады, – деді Русана Сулаймонова.
Экологиялық пен абаттандыру жұмыстарына тартылатын 16 жастағы сарбаздар биологиялық, фитопатологиялық жасақтарына келіп, бөлінеді. Олар абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарымен айналысады. Атап айтқанда, гүлзарларды күту, көктем-күз кезінде ағаштарды отырғызу, жазғы уақытта оларды суару, арамшөп жұлу және т.б.
Құрылыс және қайта қалпына келтіру жасақтарына көбіне 18 жасар студенттер келеді. Олар түрлі нысандарды ақтау, косметикалық жөндеу жұмыстарын атқарады. Сондай-ақ, шығармашылық пен волонтерлік бағытына келетін 14-15 жастағы оқушылар медиа жасақтарына жіберіледі. Олар штаб ұйымдастыратын іс-шараларға қатысып, сұхбаттар алып, мобилография бойынша ілімдерін жақсартады. Жастар қарт, жалғызбасты адамдарға да көмектесіп, өздерін волонтер ретінде көреді.
Жасылелдіктердің қатарына қосылу үшін өтінімді олардың Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасындағы активті сілтеме арқылы және Лермонтов көшесі, 44 мекенжайындағы «Жасыл ел» штабының офисіне қалдыруға болады.