Павлодарлықтарға ескерту: желіде «Halyk+» жалған платформасы пайда болды
Ішкі істер министрлігі жасанды интеллект арқылы жасалған жаңа алаяқтық туралы мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік желілерде deepfake арқылы банктердің бірінің басшысының бейнесі қолданылған бейнеролик таралуда. Бұл роликте азаматтарға «Halyk+» деп аталатын инвестициялық платформаның көмегімен ірі көлемде ақша табуға болады деген жалған ақпарат айтылады.
Ішкі істер министрлігі мұндай платформаның жоқ екенін мәлімдейді.
– Таралып жатқан ақпарат жалған және азаматтарды адастыруға бағытталған. Бұл ақшалай шығынға әкелуі мүмкін. Азаматтар кез келген белгісіз онлайн-платформалар арқылы ақша салу туралы ұсыныстардың алаяқтық тәуекелі жоғары екенін естен шығармауы тиіс. Қауіпсіздік мақсатында қаржылық операцияларды тек банктердің ресми бөлімшелеріне жеке барып жүргізу қажет, – деді мамандар.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды әлеуметтік желілердегі күмәнді бейнероликтер мен жарияланымдарға сенбеуге; белгісіз сілтемелерге өтпеуге, жеке деректерді үшінші тұлғаларға бермеуге, ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырады.
Алаяқтардың құрбаны болған жағдайда дереу полицияға хабарласу қажет. Ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеру маңызды.