Президент сапарынан кейін Павлодар ІТ колледжіне түсушілер саны айтарлықтай өскен
Мемлекет басшысы ақпараттық технологиялар колледжіне арнайы келгенге дейін күніне орта есеппен 10-15 өтініш қабылданатын болса, сапарынан кейін күніне өтініш берушілердің саны 40-қа жеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір апта бұрын Павлодар облысына жұмыс сапары аясында ақпараттық технологиялар колледжіне арнайы атбасын бұрды. Президент аймақтық IT хаб @jylyjai-да болып, мұндағы әрбір зертхананың жұмысымен танысып шықты. Сонымен қатар, президент білім ордасының ұстаздар қауымымен және жергілікті IT-қауымдастық өкілдерімен кездесті.
Мемлекет басшысының сапарынан кейін Павлодар ІТ колледжіне оқуға түсуге ниет білдірушілер саны артқан.
– Тамыз айының алғашқы күндерінде 10-15 адамның құжатын қабылдадық, – дейді колледж басшысының орынбасары Әйгерім Хайпергина. – Бірақ БАҚ пен әлеуметтік желілерде мемлекет басшысының бізге келгені туралы ақпарат пайда болғаннан кейін қабылдау комиссиясының жұмысы екі есеге өсті. Күн сайын біздің колледжге түскісі келетін 40-қа жуық талапкерді қабылдаймыз.
Оқу орны бұрын Павлодар облысындағы ең бәсекеге қабілетті орындардың бірі саналған. Мұнда бір орынға 9 адамға дейін таласатын еді.