«Saryarqa samaly» газетінің жаңа нөмірінде: Шаһар көшелерінде суағар салына ма? Шаруаларды шырылдатқан шегіртке шегіне ме?
@Pavlodarnews.kz «Saryarqa samaly» газетінің 13 шілде, бейсенбілік нөмірінде жарық көретін материалдарға аңдатпа ұсынады.
Табиғат тосын мінез танытса коммуналдық проблемалардың шеті көрініп қалады. Аязда құбыр қатады, жел соқса жарық сөніп, шатыр ұшады. Жуырда көктен сұраған һәм көптен күткен нөсер жауып, облыс орталығындағы бірнеше көше су астында қалды. Үйлерге, көліктерге су кіріп, тұрғындарды әбігерге салды. Мұндайға жол бермес үшін не істемек керек? Бұл туралы басылымның бейсенбілік нөмірінен оқыңыз.
Қостанай облысындағы алқаптарда шегіртке жаппай шабуылға шығып, Ауыл шаруашылығы министрлігін аяғынан тік тұрғызды. Өзге өңірлерде де жәндіктің көбейгені туралы ақпарат тарады. Павлодар облысындағы ахуал қалай? Біздің өңірімізде қандай шегірткелер мекендейді? Осы сұрақтардың жауабын білгіңіз келсе, газетімізден көз жазып қалмаңыз.
Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Баянауыл ауданына қарасты Торайғыр ауылындағы тау-тастың арасында қарақұрттың қаптап кеткені жайлы бейнежазба жарияланған болатын. Мұны көрген көпшілік үрейленіп отыр. Тіпті, Баянауыл баурайына барып демалғысы келген кейбір тұрғындар бағытын басқа жаққа өзгертіп жатқан жайы бар. Сонымен, қарақұрт қайдан келуі мүмкін? Оның адамға тигізетін зияны қандай? Жалпы, бұл оқиға шындыққа жанаса ма? Дүйім жұртты дүрліктірген бейнежазбадағы мәселенің мән-жайын газеттен оқыңыз.
Сондай-ақ, басылымның бейсенбілік нөмірінде ҰБТ-дағы павлодарлық талапкерлердің нәтижесі, Петербордағы алаш қайраткері Темірғалы Нұрекенов, депутаттар сапары, ыстықтан сақтану жолдары және басқа да қоғамда болып жатқан жаңалықтар мен қызықты мақалалар жарық көреді. Жіберіп алмаңыз!