Шарап сатқан: Ақсуда заң бұзған дүкендер анықталды
Өңірде «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында учаскелік полиция инспекторлары алкоголь өнімін заңсыз сату, белгіленбеген жерлерде сауда жасау және қоғамдық тыныштықты бұзу фактілерін анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Ақсу қаласында таңғы сағат 7:45 шамасында Әуезов көшесіндегі дүкендердің бірінде порт шарабы сатылғаны белгілі болды. Сол күні Набережная көшесіндегі басқа дүкенде ер адамның арақ сатқан фактісі де тіркелді.
– Қазақстан Республикасының алкоголь өнімін сату уақытына қатысты заңнамасын бұзғаны үшін дүкен иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі, – деді Ақсу қалалық полиция бөлімінің бастығы міндетін атқарушы Айдар Сламбеков.
Биыл Ақсу өңірінде алкогольге қатысты заң бұзушылықтың 38 дерегі тіркеліп, барлық құқық бұзушылар жауапқа тартылған.
Құқық қорғау органдарының өкілдері азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға және қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырады.