Шарбақты ауданында ішімдік іздеген тұрғын қамауға алынды
Тәртіп сақшылары патрульдеу кезінде «Лада» маркалы автокөліктің қозғалысы күдік тудырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер көліктің 27 жастағы иесі рульді мас күйінде 19 жастағы досына тапсырғанын анықтаған. Олар қонақта ішімдік ішіп, кейін әрі қарай «қосымша» ішімдік іздей бастағанын айтқан. Алайда полиция қызметкерлерін көрген соң жоспарлары өзгерген.
– Медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша екеуі де мас күйінде болған. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материал сотта қаралды. Тәртіп бұзушы сот қаулысымен 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды, – дейді Шарбақты ауданы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ардақ Ешмағамбетов.
Айта кетерлігі, биылғы жылдың басынан бастап Шарбақты ауданының полицейлері осыған ұқсас 8 фактінің жолы кесіп, барлық заң бұзушылар жауапкершілікке тартылды.