Шарбақты ауданында алғашқы хоккей корты ашылды
Алаңды аудан тұрғыны, кәсіпкер, облыстық маслихаттың депутаты Виталий Соломкин сыйға тартты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Шарбақты ауданына барып, алғашқы хоккей кортының ашылу салтанатына қатысты.
– Бүгін Шарбақты ауданында өте қуанышты күндердің бірі. Жаңа спорт нысаны – хоккей корты ашылды. Бұл – балалардың сауаттылығына, белсенділігіне, спортқа деген сүйіспеншілігіне әсер етеді деген үмітпен жасалып жатқан қадам. Әрине, мұндай қадамдар әр азаматтың қолынын келмейді. Аудан тұрғыны, кәсіпкер Виталий Соломкин өз еркімен жомарт жүректі азамат ретінде туған жеріне, туған ауданына сыйлық ретінде табыстап жатыр. Сол үшін Виталий Вячеславовичке алғыс білдіремін, – деді аймақ басшысы.
Бұл ретте, Виталий Соломкин басты мақсат балалардың дені сау болуы екенін атап өтті. Ол облыс әкіміне әрдайым Шарбақты ауданын қолдап жүргеніне алғыс айтып, аталмыш спорт кешенін жұртшылыққа тегін сыйға тартатынын, ал құжаттарды әкімдіктің балансына аударатынын жеткізді.
– Бұған дейін футбол спортымен айналысқанмын. Енді хоккеймен айналысуға мүмкіндік бар. Корттың салынғанына өте қуаныштымыз. Хоккей командасын жинап, хоккеймен айналысу жоспарда бар, – дейді Абай Құнанбаев атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Мерей Саримов.
Еске сала кетейік, бұл күні облыс әкімі Асайын Байханов Шарбақты ауданында үш бөлмелі алты үйдің кілттерін көп жылдар бойы кезекте тұрған отбасыларға табыстады.