Шарбақтыда моншаға түспек болған зейнеткер ми комасына түсті

Шарбақтыда моншаға түспек болған зейнеткер ми комасына түсті
Фото: pexels.com/Max Vakhtbovycn

Ер адам денесінің бірнеше жерінен ІІ дәрежелі күйік алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, мереке күндері станцияға келіп түскен шақыртулар саны орта есеппен 15–20%-ға артқан.

Өткен үш тәулік ішінде «103» қызметіне 2200-ден астам өтініш түскен. Тіпті күшейтілген режимде жұмыс істеген кезде де қызмет әрбір шақыртуға уақытылы жауап беріп, көмекке мұқтаж жандарға алғашқы медициналық жәрдем көрсетілді.

– 5 шілде күні «Молком» кәсіпорны аумағында болған өртті сөндіру кезінде екі жедел жәрдем бригадасы 13 сағаттан астам кезекшілік атқарды. Абырой болғанда, ғимарат шатырындағы өртті оқшаулау мен жою кезінде медициналық көмекке жүгінгендер болмады, – деді облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко. 

Сол күні Ақсу қаласында жедел жәрдем қызметкерлері 1983 жылы туған ер адамды құтқарып қалды. Оқиға орталық жағажайда болды. Жәбірленуші оттегі жетіспеушілігінен ми жарақатын алып, мойын омыртқасының сынуы мен ми шайқалуын бастан өткеріп, кома жағдайына түскен. Күрделі жағдайға қарамастан, медицина қызметкерлері сәтті реанимация жүргізіп, науқасты қалалық ауруханаға жеткізді.

Ал Шарбақты ауданында «103» қызметі буға тұншығып қала жаздаған ер адамға көмек көрсетті. Сенбі күні кешке 1962 жылы туған ауыл тұрғыны моншаға түспек болған. Ер адам ұзақ уақыт моншадан шықпағандықтан, оның жұбайы уайымнан барғанда, күйеуін ес-түссіз күйде табады. Ер адам денесінің бірнеше жерінен ІІ дәрежелі күйік алып, ми қан айналымының жіті бұзылуы мен ми комасына түскен. Ол аудандық ауруханаға жеткізілді.