Шарбақты ауданында дауылдың салдарын жою жұмыстары жалғасуда
Табиғаттың тосын сыйы салдарынан зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 7-8 наурыз күндері Екібастұз, Ақсу қалаларында, Баянауыл, Май және Павлодар аудандарында қатты желдің салдарынан шатырлар ұшып кеткен.
– Барлығы 10 ғимаратқа зақым келтірілді. Оның ішінде үш әкімшілік ғимарат, төрт жалпы орта білім беру мектебі мен үш тұрғын үй бар. Ақсу қаласы мен Май, Аққулы, Ертіс, Павлодар, Баянауыл, Железин және Шарбақты аудандарында электр қуаты өшірілді. Үш мыңнан астам абонент жарықсыз қалды, – дейді Павлодар облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ақылбек Баяхметов.
Авариялық-қалпына келтіру жұмыстарына Ертіс ауданы Степное ауылынан бір бригада, екі техника мен бес адам жұмылдырылып, электр қуаты берілді.
Шарбақты ауданының Шошқалы, Бозұлан, Есілбай, Садықащы ауылдарында екі бригада, төрт техника мен 10 адам жұмыс істеді. Қазіргі таңда электр жарығын қосу жұмыстары жалғасуда.
Естеріңізге сала кетейік, 8 наурыз күнгі сағат 12:20-дағы жағдай бойынша Ақсу қаласы Дөнентаев көшесі, 50 мекенжайындағы қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының үш қабатты ғимаратының шатырын жел ұшырғаны анықталды. Шатырдың жалпы көлемі 612 шаршы метрді құрайды. Оның 120 шаршы метрін қатты дауыл жұлып әкеткен.
«Қазгидромет» РМК филиалы облыс аумағында 6 наурызда дауылды ескерту жариялаған болатын.