Шекарадан асқан дәм мен сапа: Павлодарлық картоптың сұранысы қай елдерде байқалуда

Экспорт көшін Өзбекстан мемлекеті бастап тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ағымдағы жылдың ауыл шаруашылығын әртараптандыру бойынша оң нәтижелер байқалып отыр. Бұған дейін басты екпін астық дақылдарына қойылса, бүгінде картоп пен бақша дақылдары өңір экономикасының өсім нүктесіне айналуда.
– Қазіргі таңда картоп 15 мыңнан астам гектар жерден жиналды, бұл биылғы егіс көлемінің шамамен елу пайызын құрайды. Жалпы өнім көлемі 405,7 мың тонна, орташа өнімділік 257 центнер шамасында. Өткен жылмен салыстырғанда бұл — айтарлықтай өсім, себебі былтырғы жылы жауын-шашынның мол болуына байланысты өнімділік төмендеген еді, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев.
Ал бақша дақылдары толық жиналып бітті. Екі мыңға жуық гектар жерден 83 мың тоннаға жуық өнім алынды. Бұл агротехнологияның тиімділігі мен ауа райының қолайлы болғанын көрсетеді.
Картоп пен бақша өнімдері ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа да шығарылуда.
– Павлодарлық картоп Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдеріне жөнелтілуде. Сапасы мен сақтау қасиеттері жоғары картоп өнімдері шетелде де сұранысқа ие, – деп пайымдады басшы орынбасары.
Баға тұрақтылығы да маңызды. Қазіргі таңда картоптың бағасы 90–120 теңге, сәбіз 80–100 теңге аралығында сатылып жатыр. Бұл баға диапазоны нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігін сақтап отыр.
Төлеген Көшербаевтың сөзінше, өнімді сақтау инфрақұрылымы да назардан тыс қалмады.
– Өңірде 541 мың тоннаға арналған 153 көкөніс сақтау қоймасы бар. Оның ішінде 133 қойма заманауи жабдықтармен, 13 қойма тоңазытқыш құрылғыларымен жабдықталған. Жыл соңына дейін тағы төрт қойма іске қосылады, – деді ол.
Алайда, мәселелер де жоқ емес. Ауа райының тұрақсыздығы, жауын-шашын және ылғалдылық өнімді сақтау мен кептіру жұмыстарына кері әсерін тигізуде. Өткен жылы картоптың бір бөлігі шіріп кеткен болатын, биыл бұл тәуекелдерді болдырмау үшін мониторинг жұмыстары күшейтілді.
Жалпы алғанда, картоп пен бақша дақылдары өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніндегі жетекші салаларына айналуда. Бұл бағыттың дамуы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, фермерлердің табысын арттыруға және ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге ықпал етуде.