Шолпан Байғалы: Жұмасейіт Бижанның ғылыми еңбектері болашақ журналистерге нұсқаулық іспетті

Бүгін Жұмасейіт Бижан 85 жасқа толар еді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жұмасейіт Қоғабайұлы – Қазақстанның Құрметті журналисі, КСРО телеарнасы және радиосының үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
1979 жылы Павлодар телевизия студиясына редактор қызметіне орналасып, көп ұзамай аға редакторлық қызметке, саяси шолушы, бас продюсер, төрағаның орынбасары қызметіне дейін жоғарылаған.
– Жұмасейіт Бижан – тәртіпке үйренген, ісіне мұқият қарайтын, уақытын үнемдей білетін, жұмысқа уақытында келіп, жұмысын уақытылы тапсыратын жауапкершілігі мол адам еді. Оның жүргізген алғашқы хабарларына мен куә болдым. Әсіресе өндіріс хабарларын асқан кәсібилікпен жүргізіп жүрді. Көп сұхбаттарын көрермендер қызыға қарайтын. 1980 жылдары жаңа инновациялық техникалардың өмірге енуіне байланысты телевизия саласына тікелей эфир кірді. Сол тікелей эфирге алғаш болып маманданған журналистің бірі Жұмасейіт ағамыз еді, – дейді Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Шолпан Байғалы.
Жұмасейіт Қоғабайұлы 2005 жылы Торайғыров университетінде «Білік» газетінің редакторы, аға оқытушысы, Ж.Аймауытов атындағы этнопедагогика және инновациялық технологиялар ҒПО ғылыми қызметкері болып жұмыс атқарды.
– Жалпы ол кісінің сұхбат жанрында журналистикада тамаша ізі қалды деп есептеймін. Университетте журналистикадан сабақ беріп, телевизиядан алған тәжірибелерін студенттермен бөлісті. Сол уақыттарда тікелей ғылыммен айналысып, ғылыми еңбектер жаза бастады, – деп еске алады Шолпан Байғалы.
Жұмасейіт Қоғабайұлы «Замандастар тағылымы», «Ардақты елім-Ақтоғай», «Дала уалаяты» газеттерінің авторы. Сондай-ақ, «Ой толқыны:тәжірибелік нұсқаулық» кітабын жарыққа шығарған. Оған қоса, «Көзқарас», «Дәуір» циклды шығармашылық телерадио бағдарламаларының авторы болып табылады.
Айта кетерлігі, белгілі журналист Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, Кеңес Одағы теледидар және радиосының үздігі белгісінің, көп жылғы адал еңбегі үшін «Құрмет» орденінің, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.