Суперкамералар: Павлодар облысында қылмыс пен өрттің алдын алу күшейеді

Суперкамералар: Павлодар облысында қылмыс пен өрттің алдын алу күшейеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде төрт мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде «Қауіпсіз қала» жобасы жүзеге асырыла бастады. Жоба аясында Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларында барлығы 4200 бейнебақылау камерасы орнатылады. Оның ішінде 600-і аналитикалық мүмкіндігі бар, ал 10-ы ерекше «суперкамералар» болмақ.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әмірин жобаның басты ерекшеліктерін атап өтті.

– Камералар жол қозғалысының ережелерін бұзуды, қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттерді, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі мен судағы қауіпсіздікті бақылайды. Жаңа камераларда жасанды интеллект элементтері қолданылады. Жоба құқық бұзушылықтарды тек мониторинг пен фиксациялаумен шектелмейді. Бейнеаналитика деректерді өңдеп, тәуекелдерді қылмыс немесе оқиға орын алмай тұрып анықтауға мүмкіндік береді. Бұл халықтың полицияға деген сенімін арттырады, құқық бұзушылықтың алдын алуға және жолдағы тәртіпті күшейтуге ықпал етеді, – деді ол.

Жоба нәтижесінде өңірде жол-көлік оқиғаларының санын 20 пайызға, қылмыс деңгейін 19 пайызға азайту, ал қылмыстардың ашылуын 90 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Ертіс жағалауы мен биік ғимараттарға орнатылатын 10 «суперкамера» қашықтықты 10-12 шақырымға дейін анық көрсете алады.

– Бұл технологиялар әсіресе судағы қауіпсіздік пен өрттің алдын алуда тиімді. Бізге тек жазып қоятын камера емес, жағдайды талдап, қауіпті бірден анықтайтын жүйелер қажет болды. Сондықтан аналитикалық мүмкіндігі бар құрылғыларға басымдық берілді, – деді Ағыбай Әмірин.

Бұдан бөлек, облыста «Қорғау» бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Ол «Оракул-С» аппараттық-бағдарламалық кешенімен интеграцияланған және патрульдік полиция планшеттерінде қолданылады.

Ішкі істер департаментінің мәліметінше, «Оракул», «Кибер-Шериф» және «ZEREK-2» жүйелері жыл басынан бері 90 мыңнан астам жол ережесін бұзу фактісін тіркеген. Ақпарат тікелей жедел басқару орталығына түседі.

Жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері бойынша 400 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Барлық айыппұл облыстық бюджетке түсуде.

Жоспар бойынша барлық камера 2025 жылдың қазан айының соңына дейін толық орнатылып, іске қосылады.

– Бастапқыда 3000 камера жоспарланған еді, бірақ мердігер тарапынан құн төмендетіліп, қосымша 1200 камера орнатуға мүмкіндік алдық. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі нақты қадам, – деді Ағыбай Әмірин.

Жоба сервистік модель бойынша іске асырылуда. Үш жыл ішінде мердігер компания құрылғыларды орнатып, қызметін көрсетеді. Осы мерзім аяқталған соң барлық жабдық мемлекет меншігіне тегін беріледі.