Тұрмыстық жарақат: Павлодарлық дәрігер ата-аналарға кеңес берді

Тұрмыстық жарақат: Павлодарлық дәрігер ата-аналарға кеңес берді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Балалардың жарақат алуы көбейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Ирина Орсагоштың мәлімдеуінше, 2025 жылдың төрт айында Павлодар облысы бойынша кәмелетке толмағандар арасында балалар жарақатының 10951 жағдайы тіркелді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 10,6 пайызға көп. Оның ішінде ауыр және орташа ауыр жарақаттармен ауруханаға жатқызылған 795 жағдай орын алған. 

–  Тұрмыстық жарақаттар 36 пайыздан 41 пайызға дейін өсті. Бұл ретте, облыс бойынша балаларға арналған 60 травматологиялық бейіндегі төсек бар. Атап айтқанда, облыстық балалар ауруханасының базасындағы травматологиялық бөлімшеде 50 төсек және Екібастұз қалалық ауруханасының хирургиялық бөлімшесінде 10 төсек бар, – дейді Ирина Орсагош.

Бұдан басқа, биылғы жылы ұру бойынша өтініштер 23 пайызға, күйіктер тоғыз пайызға, шағулар 32 пайызға өскен. Улану өткен жылмен салыстырғанда аз, бірақ статистика әлі тұрақсыз. Бір жыл ішінде жағдай өзгеруі мүмкін. 

– Жазатайым жағдайлардың алдын алуға қатысты мемлекеттік органдар, білім бөлімі, полиция департаменті, дәрігерлер өте маңызды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бірақ көшедегі жарақаттардан гөрі тұрмыстық жарақаттардың көбірек орын алып жатқаны белгілі. Ал тұрмыстық жарақат – тікелей ата-ананың жауапкершілігі, олардың қадағалауы. Мен ата-аналарды балаларына мұқият болуға, үйде оларға зақым келтіретін барлық заттардан қорғауға, қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге шақырамын, – дейді дәрігер. 

Айта кетерлігі, 2024 жылы балалардың терезеден құлауына қатысты 13 жағдай тіркелген, олардың екеуі өліммен аяқталды. Ал, 2023 жылы тоғыз биіктіктен құлау жағдайы тіркелген.

Бұл ретте, білім беру басқармасы терезелерге қорғау торларын, бекіткіштерді және құлыптарды орнататын кәсіпкерлермен кездесулер ұйымдастырған. Қайырымдылық акциялары аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларда мыңнан астам қорғаныс торы мен бекіткіш орнатылды.