«Тәртіпбек» павлодарлық жастарды заң мен тәртіпті сақтауға шақырды

«Тәртіпбек» павлодарлық жастарды заң мен тәртіпті сақтауға шақырды
Фото: Ұйымдастырушылардан

Өңірде жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге бағытталған ақпараттық-профилактикалық акция өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шара «BatyrMall» сауда орталығында ұйымдастырылып, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, интернет-алаяқтықтың алдын алуға және құқық бұзушылықтардың профилактикасына арналды.

Акцияның ерекшелігі – жастар арасында танымал «Тәртіпбек» маскоты мен «Заң мен тәртіп» идеологиясының амбассадорының қатысуы. Олар сауда орталығына келушілермен еркін форматта тілдесіп, заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау және интернет кеңістігінде қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Сонымен қатар, волонтерлік орталықтың белсенділері тұрғындар мен жастарға ақпараттық буклеттер таратты. Еріктілер интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері, күмәнді сілтемелер мен хабарламалардан сақтану, жеке және банк деректерін бөгде адамдарға бермеу, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу жөнінде пайдалы кеңестер ұсынды.

Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасы бөлім басшысы Жаннұр Ахметжанованың айтуынша, өңірде «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

– Биыл Павлодар облысында «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету аясында түрлі форматтағы 2 мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Негізгі мақсат – тұрғындар мен жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, заңды құрметтеу мен сақтаудың маңызын түсіндіру, сондай-ақ балалар мен жастар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу. Біз жастармен тек ресми кездесулер арқылы ғана емес, олардың күнделікті өміріне жақын, интерактивті әрі қолжетімді форматтарда жұмыс жүргізуге басымдық береміз, – деді Жаннұр Ахметжанова.

Оның сөзінше, құқықтық мәдениет тек заң талаптарын білумен шектелмейді. Ол өз әрекетінің салдарын түсінуді, құқықтары мен міндеттерін білуді және өзге адамдардың құқықтарын құрметтеуді де қамтиды.

Акция барысында интернеттегі қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мамандар қазіргі таңда алаяқтықтың жаңа түрлері пайда болып, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы азаматтардың жеке деректері мен қаражатын иемденуге бағытталған әрекеттер жиілеп отырғанын атап өтті.

Осыған байланысты жастарға интернеттегі ақпаратты мұқият тексеру, бейтаныс адамдардың қоңыраулары мен хабарламаларына сақтықпен қарау, күмәнді сілтемелерге өтпеу және күмәнді жағдайлар туындаған кезде тиісті органдарға жүгіну қажеттігі түсіндірілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай ақпараттық-профилактикалық акциялар құқықтық ақпаратты жастарға қарапайым әрі түсінікті түрде жеткізуге мүмкіндік береді. Ал «Тәртіпбек» бейнесі заң мен тәртіп тақырыбын жастар арасында қолжетімді форматта насихаттап, маңызды ақпаратты есте сақтауға ықпал етеді.

Акциялар жыл соңына дейін жалғасады. Профилактикалық және ақпараттық жұмыстар облыс тұрғындары көп шоғырланатын қоғамдық орындарда, сауда орталықтарында және жастарға арналған алаңдарда ұйымдастырылады.