Талғамға сай: Павлодардағы кәсіпорын заманауи жиһаз жасайды

Талғамға сай: Павлодардағы кәсіпорын заманауи жиһаз жасайды
Фото: Асқар Ғазизов

Тұрғындардың талғамы мен қажеттілігіне қарай тапсырыс түрі өзгеріп отырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кәсіпорында корпустық жиһаздың бірнеше түрі дайындалады. Олардың қатарында шкаф, тумба, жазу және компьютер үстелдері, асүй гарнитурлары, сауда жабдықтары мен басқа да бұйымдар бар.

Кәсіпорын басшысы Иван Косенконың айтуынша, кейбір тауарларға деген сұраныс жыл мезгіліне қарай өзгереді.

– Кейбір өнім түрлеріне маусым әсер етеді. Бірінші қыркүйекке жақын жазу үстелдеріне сұраныс артады. Жөндеу жұмыстары жүретін кезеңде асүй гарнитурларына тапсырыс көбейеді. Ал шкафтар сияқты бұйымдарға қажеттілік жыл бойы сақталады, – деді ол.

Кәсіпкер дайын жиһаздарды маркетплейстер арқылы сатады. Сонымен қатар, өңір тұрғындарынан жеке тапсырыс қабылдайды. Клиенттің қалауы мен бюджетіне қарай материал мен фурнитура түрі таңдалады.

Негізгі шикізат ретінде ламинатталған ағаш жаңқалы тақтасы қолданылады. Қасбет әзірлеуде орташа тығыздықтағы ағаш талшықты тақта және өзге де материалдар пайдаланылады. Асүйге арналған үстел беттерінде пластикпен қапталған материалдар, жасанды тас және басқа нұсқалар ұсынылады.

Қосымша жабдықтарды таңдауда да шектеу жоқ. Өндірісте Blum, Hettich секілді брендтердің тауарларымен қатар қазақстандық, ресейлік және қытайлық үлгілер қолданылады.

Компания жеке тапсырыстардан бөлек, жиһаз бөлшектерін кесу қызметін де ұсынады. Оны құрастыру жұмыстарын өздігінен атқара алатын тұрғындар мен шеберлер пайдаланады. Бөлшектермен бірге құрастыру жөніндегі нұсқаулық та электронды форматта әзірленеді.

Кәсіп иелері алдағы уақытта ұлттық тауар өндіруші ретінде тіркеліп, мемлекеттік сатып алуларға қатысуды жоспарлап отыр. Осы арқылы мектептер, балабақшалар мен басқа да мекемелерге тауар жеткізу мүмкіндігін кеңейтуді көздейді.

Кәсіпкерлер әлеуметтік бағытқа да мән береді. Өндірістен қалған кейбір жиһаздар әлеуметтік нысандарға тегін беріледі. Мәселен, кәсіпкердің баласы баратын балабақшаға ойын аймағына арналған сөрелер мен заттарды сақтауға арналған жиһаздар демеушілік ретінде әзірленген. 

Еске сала кетейік, кәсіпорын бұған дейін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ кепілдігімен жалпы сомасы 6,5 миллион теңге көлемінде қаржыландыру алған. Қаражат өндірісті дамыту үшін қолданылды.