«Таза Ертіс»: Павлодар География үйі жаңа жобаны қолға алды
Ұйым Ертіс экожүйесін зерттеуге арналған жобамен грант жеңіп алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығында «Ерке Ертістің жағасында...» және «Мейірімді ERTIS» бағыттары бойынша шағын гранттар конкурсының жеңімпаздары анықталып, марапатталғаны туралы хабарладық. Міне, сол байқауда үздік шыққан он жобаның бірі — Павлодар География үйі ұсынған «Таза Ертіс» бағыты бойынша «Ертіс үні» жобасының еншісіне тиген.
Павлодар География үйінің директоры әрі жоба авторы Александр Вервекиннің айтуынша, жұмыс аясында өзеннің экологиялық жағдайы зерттелмек.
— Жобаның мақсаты – Ертіс өзенінің, оның жайылмасының, жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің экологиялық жағдайы туралы ақпарат жинап, көпшілікке ұсыну. Жұмыс аясында Ертіс өзенінің жайылмасындағы мемлекеттік табиғи қорықша аумағында құстарды бақылау (бердвотчинг), Ертістің Усолка тармағына табиғи-танымдық зерттеу экскурсиясын жасау, Қарабай көлінде бердвотчинг, сондай-ақ Павлодар – Мичурин және Ақтоғай – Жаңабет бағыттары бойынша Ертіс өзенінде үрлемелі қайықтармен экологиялық жорық ұйымдастыру жоспарлануда, - дейді автор.
Сонымен қатар, іс-шаралар барысында жиналған мәліметтер мен фотосуреттер жұртшылыққа ұсынылып, «жайлы кештер» форматындағы кездесулер мен ашық дәрістерде таныстырылмақ.

Александр Вервекиннің айтуынша, бердвотчинг барысында Ертіс маңындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы және Қарабай көліндегі құстар дүниесі туралы мәліметтер мен фотоматериалдар жинақталып, кейін жарияланады.
— Құстарды бақылау жұмыстары биоалуантүрлілік пен қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпарат жинаудың далалық әдістері бойынша тәжірибені арттыруға мүмкіндік береді. Табиғи экскурсия кезінде Усолка өзенінің су айдыны, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің жағдайы, сондай-ақ оған адам әрекетінің әсері туралы ақпараттарды жинақтап, кейін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жариялауды көздеп отырмыз, - дейді ол.
Екі экологиялық жорық барысында География үйінің мамандары Ертіс өзенінің су айдыны мен жағалауларының жағдайы туралы көрнекі ақпарат жинауды көздеп отыр. Сонымен қатар, аралдар мен жетуі қиын аумақтардағы қоқыстар тазартылып, қалдықтардың түрлері мен олардың шоғырланған негізгі орындары туралы толық сипаттама дайындалады. Бұл деректер тамыз және қыркүйек айларында өтетін кездесулер мен жарияланымдарда таныстырылады.
Жоба аясында Ертіс бойындағы экологиялық жорықтар мен жайылма шалғындарындағы жаяу зерттеу сапарларының тәжірибесі де дамытылмақ.
Жоба авторы жорықтар, экскурсиялар және бердвотчинг нәтижелері бойынша өткізілетін ашық есептерден кейін тұрғындар Ертістегі су жағдайы мен өзен және жайылма аумағындағы құстардың алуан түрлілігі туралы мол мәлімет ала алатынына сенімді.
Фото: Ішкі саясат бөлімінен