Тереңкөл ауданында ең өнерлі отбасы анықталды
Оқушылар үйінде «Өнерлі отбасы» отбасылық шығармашылық байқауы өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Отбасындағы құндылықтарды жаңғырту, жанұяның өнегелі өмірін насихаттау, шығармашылығын шыңдау мақсатында ұйымдастырылған «Өнерлі отбасы» байқауына ауданның өнерлі, талантты, шығармашыл отбасылары қатысып, бағын сынады. Байқау бірнеше кезеңдерден тұрды: «Таныстыру», «Ерекше талант», «Көрме ұйымдастыру».
– Қасиетті құндылығымыздың қарашығындай болған дәстүрімізді дәріптеп, ата-анасын ардақтап, өмірдің әр саласында өзін көрсете білген отбасылар баршылық. Отбасы құндылықтарын дәріптейтін «Өнерлі отбасы» байқауында соның жарқын үлгісін көре білдік, – деді облыстық білім басқармасында.
«Өнерлі отбасы» аудандық отбасылық шығармашылық байқауында «Мерейлі отбасы» номинация жеңімпазы Жаңабет ауылының Ибраевтар жанұясы, «Шебер отбасы» номинациясының жеңімпазы Тереңкөл ауылының Нұрмұхамет жанұясы, «Ұйымшыл отбасы» номинациясының жеңімпазы Октябрьск ауылынан келген Жарниковтар жанұясы марапатталды.
«Өнерлі отбасы» байқауында үшінші орынға екі отбасы ие болды. Олар: Қоржынкөл ауылынан келген Омаровтар отбасы және Тереңкөл ауылының Хавдрал жанұясы.
Екінші орынға Қызылтаң ауылының Наурызбай жанұясы және Береговая ауылының Москаленко жанұясы ие болды.
«Өнерлі отбасы» аудандық отбасылық шығармашылық байқауының бірінші дәрежелі дипломын Байқоныс ауылының Алеакпаров жанұясы жеңіп алды.
Барлық қатысушылар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.