Тереңкөлде шіркейді улау үшін аудан орталығында авиаборт орналасады
Әуе көлігі арқылы әуеден улау жұмыстары жүргізілмек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы Тереңкөл аудан әкімі Азамат Маңғұтовтың төрағалығымен ауданда алдағы дезинсекциялық маусымға дайындық бойынша кезекті көшпелі кеңес өткізді.
Басқарманың мәлімдеуінше, биылғы жаңалықтарының бірі - ауданда аумағы 12,5 мың гектардан асатын жайылманы авиацияны қолдана отырып өңдеу.
- Тәжірибе көрсеткендей, дернәсіл сатысында өңдеу максималды нәтиже береді. Бұл үшін ғылыми топтың ұсыныстарын ескере отырып, су тасқыны кезінде жайылманы биологиялық препаратпен авиациялық өңдеу жүргізіп, содан кейін байланған су айдындарын химиялық препараттармен өңдеу көзделіп отыр, - деді басқармада.
Ол үшін аудан орталығында бір авиаборт орналасады. Әуеайлақтарға арналған үш учаске дайындалады (Песчан, Тереңкөл, Жанабет ауылдарында).
Өткен жылдың қорытындысы бойынша ғылыми топ шыбын шіркейлердің жаппай пайда болу орындарын анықтады. Бұл учаскелер дезинсекциялық өңдеумен барынша қамтылатын болады.
Сонымен қатар, жерде жүріп өңдеу алаңы 1150 гектардан 5000 гектарға дейін ұлғайтылды.