Түркістандағы халықаралық конкурстың бас жүлдесі павлодарлықтардың еншісінде

Түркістандағы халықаралық конкурстың бас жүлдесі павлодарлықтардың еншісінде

Өнерлі балғындардың додасына еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ге жуық жас қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар қаласы Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебінің оқушылары Түркістан қаласында өткен «Талант» халықаралық көп жанрлы конкурсына қатысты. 

- Байқаудың мақсаты - талантты орындаушылар мен шығармашылық ұжымдарды іздеу және қолдау, қатысушыларға өздерін көрсетуге мүмкіндік жасау, орындаушылық мәдениет дағдыларын қалыптастыру және түрлі конкурстарға қатысу. Оған еліміздің Атырау, Ақтау, Байқоңыр, Рудный, Тараз, Шымкент, Талғар және Павлодар қалаларынан 8 - 15 жас аралығындағы 480-ге жуық бала, оның ішінде Павлодар музыка мектебінің 22 оқушысы қатысты, - делінген хабарламада.

Жарыс қорытындысы бойынша Павлодар музыка мектебінің «Шашу» және «Өрлеу» ансамбльдері екі бас жүлдені жеңіп алды. 

Мектепте «Шашу» этно-фольклорлық ансамблі 2021 жылы Жұлдыз Сағитованың жетекшілігімен құрылды. Ол 9 - 12 жас аралығындағы 17 оқушыны құрайды. Жас дарындар «Қара жорға» халық әнін орындады. 

- Ансамбльдің бірегейлігі-қатысушылар халық, фольклорлық және дәстүрлі аспаптарда рейнстик, домбыра, шертер, дабыл, қобыз, жетіген, дарбука, асатаяқ, тұяқтас, үшбұрыш, бас домбыра, шейкер, сазсырнай, окарина, қылқобыз ойнайды. Орындалатын туындылар осы аспаптардың әр түрлі жиынтығының арқасында дыбыс сұлулығына ие болады.Осы кезеңде ансамбль «Отанның әні» IV Республикалық орындаушылар конкурсының, «Думанды елім» республикалық өнер конкурсының, «Түркі әлемі» ІІ Халықаралық конкурс-фестивалінің, «ХХІ ғасырдың таланттары» VІІ халықаралық конкурсының лауреаты атанды, - деп атап өтті Жұлдыз Балғашқызы. 

«Өрлеу» домбыра ансамблі 2019 жылы құрылды, жетекшісі Бауыржан Еркен. Ансамбльде 12 - 14 жас аралығындағы 6 оқушы бар. Конкурста олар Мырза Тоқтаболатұлының «Мереке» күйін орындады. Ансамбль Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына арналған қалалық, республикалық және халықаралық «Той бастар» конкурстарының, «Думанды елім» республикалық өнер конкурсының, VII халықаралық көп жанрлы «Жас дарын» өнер фестиваль-конкурсының, облыстық жас музыканттар фестиваль-конкурсының лауреаты болып табылады.