Успен ауданында отбасылық наубайхана нанның оннан астам түрін шығарады

Успен ауданында отбасылық наубайхана нанның оннан астам түрін шығарады

Бір ай бұрын ол сынақ режимінде жұмыс істеуді бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің Успен ауданына жұмыс сапары кезінде «Хлебко» ЖК наубайханасының негізін қалаушы Александр Хлебко айтты.

– Біз 16 түрлі нан шығарамыз, – дейді наубайхана басшысы. – Олардың ішінде тоқаштар, тост наны, формалық нан, қара бородинский наны, «түймедақ», бургер тоқаштары, француз багеті бар. Ассортиментке кебек нан, пицца енгізу жоспарда бар.

«Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында ауыл тұрғындары өз ісін ашуға және дамытуға 2,5 пайыз жеңілдікпен несие ала алатыны белгілі. Александр Хлебко аталмыш бағдарлама арқасында жабдық сатып алған. Ал наубайхана ғимаратын өз қаражатына салған.

Асайын Байханов нан өндіру – асыл іс екенін атап өтті. Ол наубайхана өнімдерінің қалай сатылатынын сұрады.

– Бастапқыда нандарымыздың сұранысқа ие болғаны соншалық, кейде үлгермейтін кездер болды. Содан кейін қамыр илейтін тағы бір нан машинасын сатып алдық. Павлодар облысының солтүстігіндегі ауылдарға нан жеткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді успендік кәсіпкер.  

Асайын Байханов Успен ауданына сапары кезінде егін егудің қалай өтіп жатқанын тексеріп, тауар өндірушілермен кездесті. Атап айтқанда, екі ағайынды фермер болашаққа ауқымды жоспарлар құруда. Фермерлер ылғалды сақтау үшін жаңа агротехникалық шешімдерді белсенді түрде әзірлеуде.