Заманауи құбырлар мен жабдықтар: Екібастұзда сумен жабдықтау жүйелері қалай жаңартылуда?

Өткен жылмен салыстырғанда желілердің тозуы азайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2025 жылы Екібастұз қаласындағы «Горводоканал» МКК инвестициялық бағдарлама аясында қалалық инженерлік желілерді күрделі жөндеу бойынша белсенді жұмыстар жалғасуда. Жалпы инвестиция көлемі 806 миллион теңгені құрайды. 3,5 шақырым су құбыры желілерін және 0,387 шақырым кәріз желілерін жаңарту жоспарлануда.
Мамандардың мәліметінше, су құбыры желілерінің тозуы 58%, кәріз желілерінің тозуы 68% құрайды. Дегенмен, өткен жылмен салыстырғанда бюджет қаражаты есебінен қосымша жобалардың жүзеге асуынан тозудың деңгейі төмендеген. Мәселен, биылғы жылы ұзындығы жиырма шақырым болатын Майқайың су құбырын қайта жаңғырту жобасы аяқталып, Қонаев көшесінің бойымен ұзындығы алты шақырым болатын су құбыры пайдалануға берілді.
Осы жылдың үшінші тоқсанында орталық жылу пункті – 52 ғимаратына салқын сумен қамтамасыз ету құбырының учаскесіне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. 12 миллион теңгеге 88 метр желі жаңартылды. Құбыр 1983 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Заманауи материалдарды – құрыш және полиэтилен құбырларын пайдаланудың арқасында 5А шағын ауданының тұрғындарын тұрақты сумен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, М. Жүсіп көшесі, 52 орталық жылу пунктінен Қ. Сәтбаев көшесіндегі, 8 тұрғын үйге дейін суық және ыстық су желілерін жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Ескі құбырлар 31 жыл бойы пайдаланды.
– Участкенің ұзындығы 1460 метр, жұмыстардың құны - 95 миллион теңгеден асады. Жылу оқшаулауын қалпына келтіре отырып, жапқыш реттегіш арматурасы ауыстырылған төзімді құрыштан жасалған жаңа құбырлар кемінде 30 жыл қызмет етеді, – деді «Горводоканал» МКК бас инженері Қуаныш Ғасинов.
Сондай-ақ диаметрі 1020 миллиметр, ұзындығы 387 метр қысымды кәріз коллекторын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда. Коллектор 1992 жылы салынған және бас канализациялық сорғы станциясынан ағынды суларды қаланың тазарту құрылыстарына тасымалдауда маңызды рөл атқарады. Жобаның құны 103 миллион теңгеден асты.
– Жыл соңына дейін Әуезов көшесі, 53-үйдің ауданындағы ұзындығы екі шақырымнан асатын желілерді күрделі жөндеуден өткізбекпіз. Барлық қажетті материалдар сатып алынды, жұмыс келесі аптада басталады, - деп жоспарларымен бөлісті «Горводоканал» МКК директорының міндетін атқарушы Ләззат Бекбергенова.
Техникалық базаны жаңарту аясында компания апаттық бригадаларды тасымалдауға арналған бес орындық екі көлік пен трактор сатып алуды да жоспарлап отыр.
Фото: автор