Жүлде қоры – 6 млн теңге: Павлодарда бәйге, көкпар, лотерея өтеді

Жүлде қоры – 6 млн теңге: Павлодарда бәйге, көкпар, лотерея өтеді
Фото: Константин Шелков

Бұл ойындар қала күніне орай ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

15 шілде күні сағат 12:00-де «Құлагер» ипподромында ұлттық ат спортынан жарыс өтеді. Бұл жарыста көкпар ойындарының финалдық кезеңі, «Тай», «Топ», «Аламан» бәйгелері ұйымдастырылады. 

– Көкпар ойындары 14 шілде күні басталады. Финалдық кезеңі 15 шілде күні өткізіледі. 3-орын иегерлеріне – 200 мың теңге, 2-орынға – 300 мың теңге, жеңімпаздарға 500 мың теңге табысталады, – дейді қалалық спорт бөлімінің әдіскері Мөлдір Қайырбек.

Сонымен қатар, ат жарыстарына да қыруар қаржы бөлінді. 4 километр арақашықтықта жарысатын «Тай» жарыстың 3-орын иегерлеріне 100 мың теңге, 2 орынға – 200 теңге, 1 орынға 500 теңге беріледі. 

Топ жарыста 1-орын үшін – 200 мың теңге, 2 орын үшін – 500 мың теңге, 1 орынға 1 миллион теңге ойнатылады. 

Аламан бәйгеге қатысушылар үшін жүлде қоры жоғары болмақ. 3 орын – 300 мың теңге, 2 орын – 700 мың теңге, жеңімпазға 1,5 миллион табысталады. 

Мерекелік іс-шара барысында көрермендер арасында лотерея өткізіледі. Бұл лотереяда тұрмыстық техникалар ойнатылады. 

Айта кету керек, бәйгеге қатысу үшін өтініштер 14 шілде сағат кешкі 19:00-20:00, 15 шілде 08:00-11:00-ге дейін «Құлагер» ипподромында қабылданады.