Железин ауданында қысқа 30 мың тоннадан астам көмір қажет
Аудандағы қазандықтарды жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Железин ауданында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аудан орталығындағы №2 және №4 қазандықтарда жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Алдағы уақытта гидравликалық сынақтар өткізу жоспарланған.
Жылыту маусымына аудан бойынша шамамен 31 мың тонна көмір қажет. Оның 11 мың тоннадан астамы тұрғындарға, сегіз мың тоннаға жуығы бюджеттік ұйымдарға, тағы 12 мың тоннасы орталықтандырылған қазандықтарға арналған.
«Майкубен-Вест» АҚ разрезінен жеткізілетін Б3 маркалы көмірдің бір тоннасы тұрғындар үшін өздігінен алып кету кезінде 8286 теңге тұрады. Бюджеттік ұйымдар үшін тоннасының бағасы – 7618 теңге.
Отын жеткізу кезінде қиындықтар да туындаған. Мәдениет мекемелеріне көмір тасымалдаған көліктер нөсер жауынның астында қалып, отын суланған.
– Суланған көмірдің өздігінен тұтану қаупі жоғары болғандықтан, оны жеткізу уақытша тоқтатылды. Ауа райы жақсарғаннан кейін тасымалдау қайта жалғасты, – деді аудан әкімдігінде.
Қазір жылыту маусымына дайындықтағы негізгі міндеттердің бірі – ауданға қажетті көмір қорын уақытылы қалыптастыру.