Жеті жасар оқушы Павлодардың көше өнерін зерттеді
Енді облыс орталығындағы муралдар туралы бүкіл ел біледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Соңғы жылдары Павлодардың көпқабатты үйлерінің қабырғаларын жарқын муралдар безендіріп келеді. Бұл суреттер жай ғана сәндік мәнге ие емес, қалалық мәдениеттің маңызды бөлігіне айналды. Бүгінде мұндай жұмыстар батырларға арналған ескерткіш іспетті және тарихи оқиғаларды еске салатын белгіге айналған.
Бұл тақырып Ахмет Байтұрсынов атындағы мектептің екінші сынып оқушысы Лев Булановты қызықтырды. Ол ұстазы Нина Царюктың жетекшілігімен облыс орталығының көше өнеріне арналған зерттеу жобасын дайындады.
Әкесі Артём Булановтың айтуынша, зерттеу нысаны ретінде Павлодар муралдары таңдалды. Жұмыс кезең-кезеңімен жүргізілді.
- Біздің міндетіміз – баланы қызықтыратын іспен айналысу кезінде қолдау көрсету. Біз кітапханаға барып, жергілікті газеттердің барлық тігінділерін қарадық. Лев материалдарды зерттеп, ақпарат жинады, күнделік жүргізді. Мурал салатын суретшілерден сұхбат алды. Уақыт өте келе деректер жинала бастады, ол бәрін ол өзі жинады. Сонымен қатар, мектепте оқушылар арасында сауалнама жүргізді, – дейді Артём Буланов.
Нәтижесінде Лев Павлодар облысы деңгейінде бастауыш сынып оқушылары арасындағы зерттеу жобалары байқауында жеңімпаз атанды. Кейін республикалық «Зерде» конкурсына қатысып, ең жас қатысушы атанды. Жобаның 90 пайызын жеткіншек өз күшімен орындады.

Зерттеу еңбегі Жұмысшы мамандықтар жылына орайластырылды. Бұл да ерекше мәнге ие. Себебі, оның әжесі мен атасы – Павлодардың дамуына үлес қосқан құрылысшылар. Лев құрылысшыға арналған мурал жасау идеясын ұсынып, облыс әкіміне хат жазды. Асайын Байханов бастаманы қолдады. Нәтижесінде Павлодарда бес қабатты үйдің қабырғасына жұмысшының портреті пайда болды.

Қазір облыс орталығында 24 мурал бар, әрқайсысы өзіндік мағынаға ие. Левтің сүйікті муралы – Катаев көшесі, 46-шы үйде орналасқан. Онда «Халық қаһарманы» атағының иегері, полковник Мейіржан Айманов бейнеленген. Ол 2021 жылы Жамбыл облысындағы әскери қоймадағы өрт кезінде қаза тапқан.
Соңғы муралдардың бірі өткен жылдың қазанында пайда болды. Ол көрнекті ғалым, академик Қаныш Сәтбаевқа арналған. Сурет қала орталығында, оның есімі берілген көшеде орналасқан. Ғалым мемлекеттік ту аясында бейнеленген, бұл оның елге адалдығын білдіреді. «Халқым менен де биік» деген сөз оның өмірлік ұстанымын айқын көрсетеді.
Идеяны кәсіби стрит-суретшілер Руслан Касимов пен Владимир Зубко жүзеге асырды.
Фото: Артём Буланов