Жетекші ауылының жолдары екі жылдың ішінде толық асфальтталады
Бүгінде жолдардың 75%-на асфальт төселген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманзайыпов Жетекші ауылының халқымен тұрақты кездесуді өткізді. Жергілікті тұрғындар тарапынан көптеген сұрақ қойылды.
– Ең басты толғандырған мәселе жаңа тұрғын үй құрылысы ауданындағы су құбырының құрылысына қатысты болып отыр. Жосықсыз мердігерге байланысты бірнеше жыл бойы құрылыс уақыты созылып келе жатыр. Алайда мердігерге жұмысты жыл соңына дейін аяқтауға тапсырма бердім, – деп жазды қала әкімі өзінің инстаграм парақшасына.
Ауыл ішіндегі 29 км жолдың бүгінде 75% асфальтталған. Жаңа тұрғын үй құрылысы ауданындағы 11 көшенің ішінде жеті көше асфальт төсеуді қажет етеді.
– Алдағы екі жылда асфальтталған жол үлесін 100%-ға жеткіземіз. Кездесуде Теміржолшылар шағын ауданындағы сегіз көшені асфальттауға да қатысты сауалдар болды. Бұл жұмыс тамыз-қыркүйек айларында жүргізіледі, – деп атап өтті Ержан Иманзайыпов.
Сондай-ақ аялдамалар мен жасанды жол кедергілеріне қатысты бірқатар өтініштер айтылды. Бұл мәселелер де жуық арада шешімін табатын болады.