Жетпістен аса адамды тақырға отырғызған павлодарлық әйел алаяқтық жолмен көлік алды

Ақшасынан айырылғандар шын мәнінде жоқ қаражат үшін тәуекелге барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Ғалиасқар Қасымовтың айтуынша, 2024 жылы Павлодар облысының тұрғынына қатысты тергеу басталды. 1999 жылы туған әйел интернет-дүкен «Kaspi.kz» арқылы «KaspiPay» төлем қосымшасымен тауарларды сату сылтауымен, өз жеке кәсіпкерлігі арқылы 5-15% көлемінде әр 10 күн сайын сыйақы беруді уәде етіп, таныстарынан ақша тарту арқылы қаржы пирамидасына ұқсас алаяқтық схема ұйымдастырған.
– Жәбірленуші ретінде 71 адам танылып, келтірілген шығын көлемі – 141,2 миллион теңгені құрады. Қылмыстық іс аясында, қылмыстық жолмен алынған қаражатқа 5,7 миллион теңгеге көлік сатып алынғаны анықталды, – деді ол.
Алаяқтықтың схемасы келесідей болған: тұрғындар телефондарына бағдарлама жүктеп, ақша салу керек. Жеке кабинетте олар сол ақшаны көріп, биржа арқылы өсім бар деп есептеген.
– Ол интернет-дүкеннің жарнамасын алға тартып, алаяқтық жасаған. Адамдарға, егер олар бір миллион теңге берсе, бірден 150 мың теңге, ал 10 күн ішінде қалған ақшаны қайтарамын деп айтып жүрген. Адамдар, күн сайын пайыздық мөлшерлеме көтеріледі, сыйақысы, яғни олардың салымдары өседі деп санаған. Ақиқатында, салымшылар ақшадан айырылып, қосымшада болған қаражатты пайдалана алмаған, – деді Ғалиасқар Қасымов.
Айта кетейік, «Заң мен тәртіп. Қаржылық пирамидалар: белгілері, салдары және халықты қорғау жолдары» аясында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және азаматтардың қаржы пирамидаларына тартылуына жол бермеу мақсатында департамент ішкі саясат бөлімдерімен бірлесіп, еңбек ұжымдарымен, мектеп оқушыларымен, университет және колледж студенттерімен, кәсіподақ өкілдерімен кездесулер өткізіп келеді.